Америкалық агенттік туризмді дамыту үшін шариғат талаптарын сақтау қажет деп есептейді

Бұл жайында muslim.kz хабарлады.
DinarStandard зерттеушілері ислам туризмінің алға басып келе жатқанын айтып отыр. Осынау жағымды құбылысты негізінен мұнай қоры мол Парсы шығанағы тұрғындарының саяхатқа көп шығатындығымен түсіндіруге болады.
Сонымен қатар, бұл үрдіс мұсылмандардың қарасы көп Малайзия секілді елдерде де байқалып отыр. Ал Еуропа ислам елдерінің туристерін тарту жағынан ақсап тұр. Бұл жайында Die Welt басылымы хабар таратты.
Еуропа елдеріне мұсылман туристердің көп бара бермейтіндігін Роберт Джесси есімді ислам маманы 2001 жылғы жағдаймен байланыстырады. «2001 жылдың қыркүйек айында Нью-Йоркте болған терактіден кейін туристердің көбісі бағытын өзгертті: осы уақыт аралығында америкалықтар мен еуропалықтар араб елдерінен іргесін аулақ салса, мұсылмандардың АҚШ-қа баруы сиректеп кетті. Есесіне Малайзия мен Түркияның айы оңынан туып, бұл елдерге Парсы шығанағынан келетін туристердің қатары артты», - деді Роберт Джесси.
Сондай-ақ, ол: «Малайзия да, Түркия да өздерінің туристік саласына шариғат талаптарына сай өзгерістер енгізді. Неміс қонақ үйлерінің қожайындарына да бұлардан қалыспау үшін осындай қадамға барғаны жөн», - деді.
DinarStandard зерттеушілері мұсылман туристерді тартудың өлшемдерін анықтады. Біріншіден, мұсылмандар отбасымен саяхаттағанды жөн көреді. Екіншіден, халал тағамдарды тұтынады. Мұсылмандар арақ-шарап сатылмайтын қонақ үйлерге түскенді қолайлы көреді. Сонымен бірге, мұсылман туристердің Рамазан айында түнде ауқаттануына жағдай жасалған мейманханаларды таңдайтыны анықталды.
Еуропалық қонақ үйлерде қасиетті Құранның көшірмелері мен жайнамаздардың болуы да мұсылман туристердің қатарын арттыруға сеп болатынын айтып отыр зерттеушілер.