Америкалық профессор-лингвист В.Фиерман Өскеменде әдеби қазақ тілінде дәріс оқыды

АҚШ Индиана Университетінің профессоры Вильям Фиерман Қазақстанға Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған шараларға қатысу үшін келді. Өскемен - осы сапар бағдарламасында бар.
«Өрлеу» біліктілікті арттыру институтының орталығы» АҚ филиалы ШҚО бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының бас маманы Гүлбану Құсманованың ақпаратына сүйенсек, мемлекеттік тілде еркін сөйлейтін шетел лингвисімен кездесу Ынтымақтастық туралы шарт аясында өтті. Кездесу тақырыбы «Ұлттық біртектілік және тіл», «Мемлекеттік тіл және мемлекет» тақырыбына арналды.
Ғалым тілдік оқытуға, оның нәтижелілігіне қатысты сұрақтарға қазіргі әдеби қазақ тілінде жауап берді.
Оның пікірінше, кез келген елдің барша азаматы бірінші кезекте, өз мемлекетінің тілін білуі тиіс. Ол өзі сегіз тіл (португалия, француз, испан, орыс, қазақ, әзербайжан, өзбек, қырғыз) біледі екен. Таяу уақытта білім алуды аяқтап, бірнеше тілді меңгеру жоспарымен де бөлісті, оның ішінде түрік, қытай тілдері де бар.