Американ пасторы қыркүйектің 11-інде Құранды өртеу жөніндегі жоспарынан бас тартқан жоқ - Си-би-эс
Федералдық өкіметтің талаптары да, дінбасылар мен қоғам қайраткерлерінің кеңестері де пасторды райынан қайтара алмай отыр. Пастор ойлаған әрекетін жасайтын болса, оның соңы тек АҚШ-та ғана емес, дүниежүзі бойынша түрлі дін өкілдерінің қақтығыстарына әкелуі мүмкін, дейді сарапшылар.
Dove World Outreach Center шіркеуінің пасторының пайымдауынша, «Құранды өртеу - өкілдері Құрама Штаттарға өз ықпалдарын жүргізуді ниет етіп отырған исламның ауыр бағытына ескерту болмақ». «Біз бұл әрекетімізбен, оларға Еуропада істегендеріңді бұл жерге істей алмайсыңдар дегіміз келеді. Біздің оларға айтпағымыз: Америкада тұрасыңдар ма, сол елдің заңы мен конституциясын сақтаңдар, өз мүдделеріңізді тықпалағандарыңды қойыңдар», - дейді пастор Джонс өз мәлімдемесінде.
Ал елдің қоғам қайраткерлері мен саясаткерлері пасторды райынан қайтуға шақырып отыр. «Құранды өртеу «жауапсыз, масқара әрекет болып табылады». Сейсенбі күні кешке мемлекеттік департаментте берілген ифтарға қатысқан АҚШ Мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон осындай мәлімдеме жасады.
«Жаңалықтарда Гейнсилл қаласының (Флорида штаты) пасторы қыркүйектің 11-інде Құранды өртеуді жоспарлап отырғаны туралы айтылып отырғанын естіп, біз бір адамдай бас көтеріп отырмыз. Америкадағы барлық дін өкілдерінің жетекшілері - христиан-евангелистерден бастап раввиндерге дейін, тіпті зиялы қауым өкілдерінің осынау жауапсыз, масқара әрекетті айқын айыптауы маған рух беріп отыр», деп атап көрсетті АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы. Клинтон ханым сондай-ақ, «АҚШ-тың діни төзушілікті ұстанатынын» баса атап көрсетті.