«Amir Capital» ісі: 10 млн доллардан астам актив бұғатталды

АСТАНА. KAZINFORM – ҚМА Алматы қаласы бойынша департаменті «Amir Capital» қаржы пирамидасын құру және оны басқару фактісі бойынша тергеу жүргізіп жатыр. 

«Amir Capital» қаржы пирамидасы
Фото: видеодан алынған скрин

— Өзін халықаралық инвестициялық қор ретінде таныстырған «Amir Capital» компаниясы үш жыл бойы Қазақстан, Беларусь, Ресей және Қырғызстан азаматтарынан криптовалюта саудасы, майнинг және түрлі жобаларға инвестициялау арқылы 5–10% мөлшерде табыс табу уәдесімен қаржы тартқан.

Инвесторлар компанияның ресми сайты арқылы жолданған реферальды сілтеме бойынша тіркелген. Жеке кабинеттерді толтыру криптовалюта түрінде (USDT, BTC, ETH) Amir Wallet әмияны арқылы жүзеге асқан, — делінген хабарламада.

Түскен қаражат қаржы пирамидасының принципі бойынша бөлініп отырған яғни, бұрын тіркелген қатысушыларға төлемдер кейінгі салымшылардың қаржысы есебінен төленген.

Нәтижесінде аталған пирамидаға 40-тан астам адам тартылған.

— 2021 жылдың соңында салымшылардың «amir.capital» платформасындағы жеке кабинеттерінен қаражат шығару мүмкіндігі шектелген. Ұйымдастырушылар бұл жағдайды техникалық ақаулармен түсіндіріп, төлемдерді қайта бастауға уәде бергенімен, қаражатқа қол жеткізу мүмкіндігі қалпына келтірілмеген, — делінген ҚМА хабарламасында.

Құны 10 млн АҚШ долларынан асатын криптоактивтер мен Алматы облысындағы жер телімін бұғаттауға сот санкциясы алынды.

Күдіктілердің бірі 2 айға қамауға алынды.

Тергеу жалғасып жатыр.

Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайды. 

Айта кетелік Шымкент қаласы бойынша ҚМА «Mooni Gold» қаржы пирамидасының заңсыз әрекетін әшкерелеген еді

Соңғы жаңалықтар