Амманда «Қазақстан-Иордан қатынастары: жиырма жылдық достық пен ынтымақ» кітабының тұсауы кесілді

АСТАНА. 22 қазан. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылы Қазақстан Республикасы және Иордания Хашимит Корольдігі арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына жиырма жыл толады.
None
None

Осыған байланысты, Иорданиядағы Қазақстан елшілігі «Қазақстан-Иордан қатынастары: жиырма жылдық достық пен ынтымақ» кітабының тұсауын кесті.

Араб және ағылшын тілдерінде шыққан басылымда екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынасты орнату тарихы туралы баяндалған, саяси, сауда-экономикалық және мәдени байланыстар туралы ақпарат ұсынылған. Екі елдің жетекші басшылары Қазақстан-Иордания ынтымақтастығының болашағы туралы өз пікірлерімен бөліскен, сондай-ақ, Қазақстан және Иордания қатынастары дамуының хронологиялық фотоматериалдары жарияланған.

Кітаптың тұсаукесері Иордания астанасындағы беделді «Le Meridien» қонақүйінде өтті.

Іс-шараға Иордания корольдігі отбасының мүшелері, жергілікті Үкімет өкілдері, парламентарийлер, көрнекті саяси және қоғам қайраткерлері, шетел дипломаттары, бизнесмендер, журналистер, сондай-ақ, Қазақстан-Иордания достық қоғамының мүшелері қатысты.

Иордания Хашимит Корольдігіндегі Қазақстан Республикасының елшісі Болат Сәрсенбаев өзінің құттықтау сөзінде бірінші кезекте осындай ынтымақтастық деңгейіне жетуге Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев және Иордания Хашимит Корольдігінің Королі Абдалла ІІ жеке қарым-қатынастары ықпал еткендігін хабарлады.

Сондай-ақ, Б.Сәрсенбаев Иордания басшылығына ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін өткізу, ядролық сынақтарды тоқтату және ядролық қаруды таратпау сияқты халықаралық бастамаларды тұрақты қолдағаны үшін алғысын білдірді.

Аталған кітап келешекте Қазақстан және Иордания елдерінде таратылатын болады.

Соңғы жаңалықтар