Қазақстан мен Иорданияның ынтымақтастық тарихы фотокөрмеге арқау болды
АСТАНА. KAZINFORM — Иордания астанасында Қазақстан мен Иордания арасындағы дипломатиялық қатынастардың қалыптасуы мен дамуын баяндайтын тарихи-фотокөрме ашылды. Экспозицияға архивтік суреттер, тарихи құжаттар мен дипломатиялық кездесулерден есте қалған сәттер қойылды.
Иордания астанасында «Қазақстан Республикасы және Иордания Хашимит Корольдігі: ынтымақтастық тарихы» атты тарихи-құжаттық фотокөрменің ашылу рәсімі өтті.
Іс-шараны Қазақстанның Иорданиядағы елшілігі Иордания Мәдениет министрлігі мен Аммандағы Корольдік мәдениет орталығының қолдауымен ұйымдастырды.
Көрмеге екі мемлекет арасындағы 30 жылдан астам ынтымақтастықтың негізгі кезеңдерін қамтитын 52 фотосурет пен архивтік құжат қойылды. Онда 1993 жылы дипломатиялық қатынастар орнаған кезден бастап бүгінге дейінгі саяси, экономикалық және мәдени байланыстар көрініс тапқан.
Көрменің ашылу салтанатын Қазақстанның Иорданиядағы елшісі Талғат Шалданбай мен корольдіктің Мәдениет министрі Мұстафа ар-Рауашде өткізді.
Салтанатты шараға мемлекеттік мекемелердің өкілдері, дипломатиялық корпус мүшелері, мәдениет қайраткерлері және Қазақстан диаспорасының өкілдері қатысты.
Жиында сөз сөйлеген қазақстандық дипломат соңғы онжылдықтарда Астана мен Амман өзара құрметке, сенімге және халықаралық мәселелер бойынша ортақ ұстанымдарға негізделген берік әріптестік орнатқанын атап өтті.
— Қазақстан мен Иордания арасындағы қарым-қатынас достық сипатта, тұрақты әрі дәйекті түрде дамып келеді. 1993 жылы дипломатиялық қатынастар орнағаннан бері екі ел өзара құрметке, сенімге және негізгі мәселелер бойынша ұқсас ұстанымдарға негізделген берік саяси диалог қалыптастырды, — деді Талғат Шалданбай.
Елші жоғары деңгейдегі екіжақты байланыстардың жандана түскеніне де тоқталды. Атап айтқанда, 2025 жылғы ақпанда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Иорданияға ресми сапары және Иордания королі II Абдалланың 2025 және 2026 жылдары Қазақстанға жасаған жауап сапарлары маңызды кезеңдер ретінде аталды.
Сондай-ақ дипломат екі мемлекеттің бейбітшілік, тұрақтылық және дінаралық келісім мәселелеріндегі ортақ ұстанымдарын атап өтіп, Иорданияның Таяу Шығыстағы бітімгерлік күш-жігеріне жоғары баға берді.
Салтанатты рәсімде екіжақты қарым-қатынастардың мәдени қырына да ерекше назар аударылды. Иордания Мәдениет министрлігінің бас хатшысы Нидаль әл-Ахмад көрмені ортақ тарихи жадыға үңіліп, екі халық арасындағы өзара түсіністіктің қалыптасу жолын зерделеуге мүмкіндік беретін бастама деп бағалады.
— Бұл көрме ортақ жадымызға үңіліп, елдеріміз арасындағы қарым-қатынас пен өзара түсіністіктің тарихын сақтауға мүмкіндік береді. Ол достыққа, өзара құрметке және бірлескен ынтымақтастыққа негізделген байланыстардың тереңдігін көрсетеді, — деді министрлік өкілі.
Иорданияның Мәдениет министрі Мұстафа ар-Рауашде де көрменің екі мемлекет арасындағы мәдени көпір ретіндегі маңызын жоғары бағалап, мұндай бастамалар достық байланыстарды нығайтып, ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ықпал ететінін айтты.
Иордания тарапы мәдени байланыстарды кеңейтуге, соның ішінде материалдық емес мұраны сақтауға, оны құжаттау үшін заманауи технологиялар мен жасанды интеллектіні қолдануға, әдеби шығармаларды аударуға және бірлескен мәдени іс-шаралар өткізуге қызығушылық білдірді.
Ресми рәсімнен кейін қонақтар екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастар тарихын әр жылдардағы фотосуреттер мен құжаттар арқылы таныстыратын көрмені тамашалады.
Іс-шара соңында қонақтарға қазақтың ұлттық тағамдары ұсынылып, олар Қазақстанның мәдениеті мен дәстүрлерімен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды.
Еске салайық, осы айдың басында Иордания королі II Абдалла бен әл-Хусейн Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Қазақстанға ресми сапармен келген еді.