Амнистия: Түрмеден шыққандарға қандай көмек көрсетіледі
АСТАНА. KAZINFORM – Елдегі қылмыстық-атқару жүйесін реформалау мәселесі бұрыннан айтылып келеді. Соның ішінде сотталғандарды қоғамға бейімдеу, оларды қайта тәрбиелеуге арналған кешенді жоспар керегін көп естиміз. Алда Конституцияның 30 жылдығына орай мыңдаған азамат рақымшылыққа ілігетінін есепке алсақ, аталған тақырып әлі де өзекті. Билік шалыс басқандарға қандай қолдау көрсетеді, түрмеден босаған үйсіз жандарға көмек бар ма? Kazinform агенттігінің аналитикалық шолушысы сауалға жауап іздеді.

15 мыңнан астам адам ерте бостандыққа шығады
23 маусымда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сотталған адамдарға рақымшылық жариялау туралы заңға қол қойды. Құжатқа сәйкес, 15 мыңнан астам адамға рақымшылық жасалуы мүмкін: оның екі мыңы бостандыққа шықса, қалғандарының жаза мерзімі қысқартылмақ. Әзірше белгілісі, рақымшылық жеңіл және орташа ауырлықтағы қылмыс жасағандарға қарастырылған. Оның ішінде балалы әйелдер, қарттар мен кәмелетке толмағандарға басымдық беріледі деген болжам бар. Сондай-ақ үміткердің жаза мерзімі 15 жылдан көп болмауы керек.
Ал сыбайлас жемқорлыққа барғандар, мемлекеттік құпияны жариялағандар, ауыр және аса ауыр қылмыс жасағандарға мұндай мүмкіндік жоқ. Қазір ҚАЖ жүйесінде 40 мыңнан астам адам құрықтаулы, 92 пайызы – ауыр және аса ауыр қылмыс жасағандар. Демек, сотталғандардың 8 пайызы ғана еркіндікке шығу мүмкіндігін пайдалануы ықтимал.
Ескеретін жайт, билік рақымшылық жасауды бұған дейін де бірнеше мәрте қолданды. Мемлекеттің айтулы даталары қарсаңында мыңдаған адам бостандыққа шыққанын білеміз. Бұл бір жағынан түрмелердегі жүктемені азайтып, бюджет салмағын жеңілдетуге таптырмас әдіс еді. Оның үстіне әйелдер, кәмелет жасына толмағандарға мүмкіндік берудің жолына айналды
Мәжіліс депутаты Абзал Құспанның сөзінше, бұл жолғы рақымшылыққа ілігетіндердің саны өзге лекке қарағанда әлдеқайда көп, мемлекет тарихындағы ауқымды қадам болмақ.

«Әрбір үшінші, тіпті одан да көп адамға осы рақымшылық актісі қолданылады. Соңғы төрт рақымшылық туралы айтайын. 2006 жылы Тәуелсіздік күніне байланысты 5579 адамға амнистия жасалған. 2012 жылы Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай – 3702 адам, 2016 жылы Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай – 5010 адам, 2021 жылы Тәуелсіздіктің отыз жылдығына орай 2 470 адамға рақымшылық қолданылған екен. Енді 15 мыңның үстіндегі адамға қолданылғалы отыр. Бұл жолғы рақымшылық заңының ерекшелігі сол – сан жағынан бұдан бұрын жарияланған рақымшылық заңдарына қарағанда әлдеқайда көп адам санын қамтып отыр», – деп атап өтті мәжілісмен.
Қазір амнистияға іліккендердің алды босап шығуда. Әр өңірдегі көрсеткіш әртүрлі. Мысалы, Ақмола облысында – 500, Қостанай облысында – 300, Ақтөбе облысында – 200, Түркістан облысы мен Шымкент қаласында – 675, Шығыс Қазақстан облысында – 405, Қарағанды және Ұлытау облыстарында – 700-ге жуық адамға рақымшылық жасалады.
Сонымен қатар жауапты министрлік денсаулығы нашар сотталғандар арасындағы өлім-жітім көрсеткішін төмендетуді мақсат етіп отыр. Ол үшін дерті асқынған жазасын өтеушілерді түрмеден босатуға мүмкіндік беретін аурулар тізімін кеңейтпек.
Кешенді өзгеріс бірнеше сатыға бөлінген. Алдымен мерзімінен бұрын шығаруға ұсынылатын сотталғандарға медициналық тексеру жүргізу тәртібі жаңарады. Одан кейін түрмеден шығаруға себеп болатын аурулар тізімі қайта қаралады. Қазірдің өзінде тізімге созылмалы бүйрек аурулары, бауыр циррозының кеңейтілген түрлері, ауыр дәрежедегі гормондарға тәуелді өкпе аурулары енгізілген.
– Бұл өзгерістер ауыр науқас сотталғандардың жазадан босату мәселесін қарау үшін, яғни арнайы медициналық комиссияға жолдауға мүмкіндік береді. Дегенмен бұл соңғы сотталған адамның аурулары тізбесіне сәйкес, жазадан босату мәселесін, босатылу туралы соңғы шешімін тек қана сот қабылдайды, – дейді Денсаулық сақтау министрлігі медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің бас сарапшысы Еркін Боранқұлов.
Қайта қылмысқа баратындар көп
Жалпы жыл сайын 10 мыңға жуық азамат бостандыққа шығады. Биылғы рақымшылыққа іліккендерді қоса алсақ, статистика 15 мың адамға жетеғабыл. Мұндай әлеуметтік топты қоғамға бейімдеу, психологиялық және қаржылай қолдау оңай шаруа емес. Оның үстіне істі болғандарға деген көзқарас сан қилы, еңбек нарығында «өзге әлемнен» келгендерді өзегінен тебетін үрдіс әлі тыйылмай тұр.
Осының салдарынан қоғамнан қолдау да, қаржы да таппағандар арасында қайта қылмысқа барғандар көп. Кей деректе түрмеге тоғытылғандардың 33 пайызы бұрын темір торға қамалғандар екен. Заңгер Айгүл Орынбек БАҚ-қа берген пікірінде мұның себебін бейімдеу ісінің кемшілігі мен жұмыссыздық мәселесінен іздеген.
«Өкінішке қарай, қайта қылмысқа бару – біздің статистикада жиі кездеседі. Ресоциализация жоқ, жұмыс жоқ, стигма бар. "Сотталған" деген таңба паспортта тұрмаса да, қоғамда тұр. Ал рақымшылықпен шыққан адам егер бақылаусыз қалса, қылмысқа қайтып оралады», – деді маман.

Кейінгі жылдары Үкімет олқылықты шешу үшін кешенді қадам жасауда. Арнайы оқу курстарын ұйымдастыру, қаржылай жәрдемақы тағайындау секілді бастаманы жүзеге асырып келеді. Оның үстіне «Рақымшылық жасау туралы» заңға сәйкес, жергілікті атқарушы органдар бостандыққа шыққандарға әлеуметтік құқықтық көмек көрсетеді. Демек, жазасын өтегендер еркіндікке шыққан бойда тиісті көмекті алуға құқылы, ол үшін өз өңіріндегі «Еңбек мобильділігі орталығына» жүгіну жеткілікті екен.
– Бостандыққа шыққан беттен бізге келіп, 15 АЕК жәрдемақы алуға болады. Сонымен қатар түзету мекемелерінде жұмыс істеген болса, 6 айға дейін жәрдемақы алуға болады және де біз мамандық бойынша жұмыстар ұсынамыз. Ресми түрде жұмысқа орналастырамыз және мамандығы жоқ болса, 4 айлық курстарға жолдаймыз, – деді «Еңбек мобильділігі орталығының» халықтың әлеуметтік осал топтармен жұмыс бөлімінің маманы Ақшолпан Асанова.
Бүгінде жазасын өтегендерге психологиялық-құқықтық көмек берумен айналысатын үкіметтік емес ұйымдар көбейді. Олар бейімделу, әлеуметтендіру аясында кеңес берумен айналысады. Мұның барлығы формальды әрекет көрінгенімен, түрмеден шыққандарға психологиялық көмек ауадай қажет.
Алайда жазасын өтегендер бірден қараусыз кетеді деп айту ерте. Мемлекет пробация қызметі арқылы бостандыққа шықққандарды бақылап, қажетті көмекті жасап бағады. Аталған қызметтің бір тармағы – постпенитенциарлық пробация дәл осы қатарға қосу міндетін атқаруы шарт. Олар не істерін, қайда барарын білмеген жандарға әлеуметтік, құқықтық және психологиялық көмек көрсетумен айналысады. Құжаттарын қалпына келтіріп, медициналық жәрдем алуын қамтамасыз етуге де жәрдемші.
Уақытша болу орындары уақытша шешім бе?
Мемлекет қаржылай, психологиялық көмектен өзге тұрғылықты жері жоқ адамдарды арнайы орталықтарға орналастыруға міндетті. Бұл «Рақымшылық жасау туралы» заңда көрсетілген. Осы орайда баспанасыз жүргендерге уақытша болу орталықтарынан орын беріледі. Мұнда жайлы жай, тыныш мекен. Мәселені шешіп, қиындықты еңсергенше тұрақтауға ыңғайлы.
Кейінгі жылдары осы мәндес орталықтардың жетіспеушілігі сезіле бастаған еді. Рақымшылық туралы хабар тарағалы «үйсіз қалғандарға баспананы қайдан табамыз?» деген сұрақ жиі естілген. Көп өтпей Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі уақытша болу ұйымдарын көбейтуге қатысты бұйрық шығарып, сауалға жауап табылғандай.

Осылайша, түрмеден босатылған және пробация қызметінде есепте тұрғандарға арналған уақытша тұратын ұйымдардың саны артты. Құжатқа сәйкес, орталықтар халық саны 50 мыңнан асатын елді мекендерде, аудандарда және ауыл округтерінде құрылмақ. Ұйымдардың қажеттілгін жергілікті атқарушы органдар нақтылайтын болады.
Конститутция күні қарсаңында бостандыққа шығатын азаматтардың тағдыры кейінгі әлеуметтендіру ісіне тәуелді. Мамандар саладағы қаржылай көмек пен жұмыспен қамту шарасын жетілдіруді ұсынуда. Оның үстіне жылдар бойы қордаланған мәселені айтулы дата қарсаңында шешу маңызға айналып отыр.