Әмір Омарханов Уимблдон турнирінің финалынан тыс қалды

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық теннисші Әмір Омарханов жасөспірімдер арасында жұптық сында Уимблдон турнирінің финалына шыға алмады.

Әмір Омарханов
Фото: ҚТФ

Қазақстандық теннисші ресейлік Егор Плешивцевпен бірге жартылай финалда жарыстың 4-ракеткалары, финляндиялық Оскари Палданиус – Польша өкілі Алан Вазнымен шеберлік байқасты.

Бірінші партияда Палданиус – Вазны 6:4 есебімен басым түсті. Екінші сетте қазақстандық-ресейлік жұп дәл сондай есеппен есе қайырды. Алайда супер тай-брейкте қарсыластарына жол берді – 5:10.

Матч 1 сағат 16 минутқа созылды. 

Осылайша, Әмір Омарханов спорттық жолында жасөспірімдер арасында жұптық сында екінше рет жарысты жартылай финалда аяқтады. Өткен жылы ол тағы бір ресейлік Тимофей Дерепаскомен бірге Ролан Гарроста жартылай финалға дейін жеткен еді. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Әмір Омархановтың алғаш рет Уимблдон турнирінің жартылай финалына жолдама алғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар