Әмір Зәкіров - брейкингтен Олимпиадаға қатысатын тұңғыш қазақстандық спортшы

АСТАНА. KAZINFORM - Әмір Зәкіров брейкингтен 2024 жылғы Париж Олимпиадасына жолдама алды. Ол аталған спорт түрінен бақ сынайтын тұңғыш қазақстандық болып отыр.

нок
Фото: ҚР ҰОК

Венгрия астанасы Будапештте өткен іріктеу турнирінің қорытындысы бойынша Әмір алдағы Олимпиадаға қатысуға мүмкіндік алды.

Ол финалда Нидерланд өкіліне есе жіберді. Осылайша, екінші орынмен қатар, олимпиадалық квота ие болды. Үшінші орынды Оңтүстік Корея спортшысы еншіледі.

Екі іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша Әмір 71 ұпай жинады (Шанхайда ол 15-орын алған).

Жалпы есепте қазақстандық спортшы алтыншы орыннан көрінген. 

Айта кетсек, брейкинг Олимпиада бағдарламасына алғаш еніп отыр. 

Демек, Әмірдің квотасы тарихи жолдама саналады. Ол аталған спорт түрінен Қазақстан намысын қорғайтын тұңғыш спортшы болмақ. 

Сондай-ақ спорттық құзға өрмелеуден Әмір Маймұратов Париж Олимпиадасына барады.

2024 жылғы жазғы Олимпиада ойындары Парижде 26 шілде мен 11 тамыз аралығында өтеді.
Дүбірлі додаға 205 мемлекеттің 10,5 мың спортшысы 32 түрінен қатысады.