«ӘМСҚ» КЕАҚ Басқарма төрағасының орынбасары 400 млн теңге ұрлады деген күдікке ілінді
АСТАНА. KAZINFORM – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мәліметінше, денсаулық сақтау жүйесі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ең осал болып қала береді және қоғамның ерекше назарында.

Соңғы үш жылда бұл салада 134 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген. Олар бойынша 57 адам сотталды. Лауазымды тұлғалардың заңсыз әрекеттері азаматтардың сеніміне нұқсан келтіріп қана қоймай, медициналық қызметтердің тиімділігінің төмендеуіне және мемлекеттік қаражаттың мақсатсыз жұмсалуына әкеледі.
Осы жылдың маусым айында Орталық органның және оның Шығыс Қазақстан облысы бойынша филиалының жоғары лауазымды тұлғаларының қатысуымен сыбайлас жемқорлық схемасы ашылды. Осылайша, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Басқарма төрағасының орынбасары әшкереленді.
Ол денсаулық сақтау субъектісіне халыққа медициналық қызмет көрсету үшін бөлінген 400 млн теңгеден астам қаражатты жүйелі түрде ұрлады деген күдікке ілінді.
Жымқыру медициналық ұйымның «Damumed» ақпараттық жүйесіне міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде Өскемен қаласының тұрғындарына көрсетілген қызметтер туралы көрінеу жалған мәліметтер енгізу жолымен жасалды. Іс жүзінде медициналық қызметтер көрсетілмеді, отыз мыңнан астам «тіркеу» анықталды.
Сонымен қатар ол жеке медициналық мекеменің кәсіпкерлік қызметіне заңсыз қатысып, Қордың жымқырған қаражатын, оның ішінде қымбат мүлікті сатып алу арқылы заңдастырды деп күдіктенеді. Күдікті соттың санкциясымен қамауға алынды.
Тергеу жалғасып жатыр, шенеунік пен басқа адамдардың басқа қылмыстық эпизодтарға қатысуы тексеріледі.
Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесінде өзге де ақпарат жария етілуге жатпайды.
Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодекстің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі.
– Егер сіз өзіңіздің келісіміңізсіз медициналық қызмет көрсету үшін дербес деректерді заңсыз пайдалану туралы білсеңіз, бұл туралы 1424 нөмірі бойынша «Call-орталыққа» хабарлауыңызды сұраймыз, - делінген хабарламада.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры басшысының орынбасарына қатысты іс тергеліп жатқанын жазған болатынбыз.