АН-2 ұшағының апатқа ұшырауына байланысты тергеу амалдары басталды - ҚР ІІМ
Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінен хабарланды. Ведомство мәліметіне қарағанда, Шу стансасының Желілік бөлімінің тергеушілері ҚР Қылмыстық кодексінің 344-бабы 3-бөлімінде (қозғалыс қауіпсіздігі немесе әуе көлігін пайдалану ережесін бұзу) қарастырылған қылмыстық құқық бұзушылық бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады.
Қазіргі кезде бұл іс тергелу үшін Жамбыл облысы бойынша ҚР Бас көлік прокуратурасының арнайы прокуратурасына тапсырылды.
Еске салсақ, 2015 жылғы 20 қаңтарда Жамбыл облысының Шу ауданында орналасқан «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС-ның Шатыркөл кен орнында АН-2 ұшағы апатқа ұшырады. Жедел-құтқару жұмыстарының нәтижесінде ұшақ кен орнынан 25 шақырым қашықтықтан табылды.
Әуе кемесі «Олимп ЭЙР» компаниясына тиесілі. Алдын ала деректер бойынша апатқа ауа райының қолайсыздығы (тұман) себеп болған. Ұшақ жерге қонбақшы болған сәтте, жерге соқтығысу салдарынан апат орын алған.