АН-72 апатында қаза тапқан Шекара қызметі басшысының ұлы авиадиспетчерді қатаң жазалауды сұрады

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Әуе апатында көз жұмған ҚР ҰҚК Шекара қызметінің басшысы Тұрғанбек Стамбековтің ұлы Алмас Стамбеков «Қазаэронавигация» РМК Шымкент филиалының диспетчері Қанат Ақылбековты қатаң жазалауды сұрауда.
None
None

«Бүгін АН-74 ұшағының командирінен диспетчер мен экипаждың міндетін, қону кезіндегі ережелер жөнінде сұрады. Мен диспетчердің кінәлі екеніне сенемін. 10 жылға бас бостандығынан айыруын қалаймын», - деді А.Стамбеков АН-72 апатқа ұшырау фактісі бойынша 2-тыңдалымда журналистерге берген сұхбатында.

Ал «Қазаэронавигация» РМК Шымкент түбіндегі АН-72 ұшағының апатқа ұшырауына Қ.Ақылбековтің кінәлі екенін мойындамай отыр.

«Бас прокуратура ресми түрде апатқа әкелген себептерді айтты. Менің ойымша, сараптама қорытындысының астан-кестенің шығарды. Осыған дейін айтылған себептер туралы енді сөз қозғалмамай отыр. Бар кінә біздің ұйымның диспетчеріне тағылуда. Менің пікірімше, эшелондағы іркіліс апатқа әсер етпейді. Ұшақты экипаж басқарады, ал диспетчер нұсқау береді. Диспетчер ұшаққа «жерге құла» деген нұсқау бермейді», - деді «Қазаэронавигация» РМК әуедегі қозғалысты ұйымдастыру бойынша департаменттің директоры Серік Шүлембеков.

Диспетчердің кінәлі екеніне айыпталушының әкесі Жұмабек Ақылбеков те сенбейді. Көп жылдар диспетчер болып істеген ол апат экипаждың қателігінен болғанын алға тартуда.

«Астанадан ұшар кезде экипаж биіктікті өлшейтін құрылғыда, автоұшқышта ақаулық болғанын білді. Диспетчерлік қызметке бұл туралы айтылмады. Сондықтан диспетчер қалыпты жағдайда жұмыс жасады», - деді Ж.Ақылбеков.

Оның сөзіне қарағанда, экипаж диспетчердің белгілі бір қысымды және 800 м биіктікті орнату нұсқауларын 2 рет орындамаған.

«Халықаралық тәуелсіз әуе комитетінің комиссиясына сенемін. Ол бортта ақаулықтардың болғанын растап, диспетчердің кінәсі жоқ екенін айтты», - деп түйді Ж.Ақылбеков.

Еске сала кетейік, 2012 жылы 25 желтоқсанда Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданында Астана-Шымкент бағытындағы АН-72 әскери ұшағы апатқа ұшырады. Ұшақта 27 адам - 7 экипаж мүшесі және 20 әскери қызметкер, солардың қатарында сол кезде ҚР ҰҚК КҚ директоры міндетін атқарған полковник Тұрғанбек Стамбеков, «Оңтүстік» КҚ аймақтық басқармасының бастығы, сондай-ақ «Қордай» және «Сарыағаш» кедендік отрядтардың жетекшілері болған.

Соңғы жаңалықтар