Ән асқары - Әміре

Бүгінгі айтылар ой дара тұлға - биылғы жылы туғанына 125 жыл толып отырған Семей өңірінің перзенті, асқақ әнші Әміре Қашаубаев жайлы болмақ.
Анасы Тойғанның қоңыр дауыспен әлдилеген әуендері, халық әндері болашақ әншінің жүрегін тербеп бойына сіңген. Әміренің өнерге бейімділігін байқаған Жанақ қарт ақ батасын беріп, өзінің немере ағасы Серік Тергеубайұлына тапсырады. Қоянды жәрмеңкесіне әлденеше қатысқан ол Әміреге халық композиторларының еңбектері жайлы баяндай отырып, көптеген әндерді үйретеді.
Әміре Семейге келіп қала байына жұмысқа жалданады. Сөйтіп жүріп қазақтан ән, татардан жыр, орыстан өнеге үйренеді.
Үлкен Семейдегі қымызшылар Әмірені әр кез жылы қарсы алатын. Әміре қала өміріне үйреніп, кітапхана, мұражай, клуб, сурет галереясын аралап көп нәрсеге қанық болады.
1920 жылы тұңғыш қазақ жастарының «Ес аймақ» ағарту қоғамы құрылады. Көркемдік жетекшісі Сейітқазы Тоқымбаев еді. Әміренің үлкен сахнаға шығуы осы қоғам ұйымдастырған сауық кештерінен басталған. Осы орайда біздің Қазақ радиосының алтын қорында сақталған жазушы Сапарғали Бегалиннің ойын ортаға салсақ деймін:
С.Бегалин: (Әміремен біз бір болыстас жерлес, туыспыз. Бірақ аулымыз алшақ болып, балалық шағымыз бірге өткен жоқ. Әміремен жақын танысуым 1912-13 жылдары Семей қаласында болды. Сұраса келгенде Әміре менен жеті жасы үлкен екен.
Әміре Қарағанды облысы Қарқаралы уезінің «Дегелең» болысында 1988 жылы туған екен. Әкесі Қашаубай еті тірі шаруа болған. Әміре ауыл арасында бала әнші атаныпты. Мен Семейде Әміремен танысқан кезімде сол өңірге аты әйгілі әнші еді. Ол кезде әр жақ, бер жақ деп аталатын Семейдің той-думаны, арал серуені Әміресіз өтпейтін. Әміренің сол кездегі аса шебер орындайтын әндері «Үш дос», «Ағаш аяқ», «Бесқарагер» болатын.
Мен бұл әндерді аралдағы бас қосудың бірінде тыңдап. сүйсінген едім. Әміренің сондағы үні әлі күнге құлағымда...»
1925 жылдың маусым айында Семейдің губерниялық оқу бөліміне Ресейдің халық ағарту комиссары Луначарский Әмірені Парижде дүниежүзілік көрмеде өтетін Халықаралық конгрестің этнографиялық концертіне қатысу үшін арнайы шақырту қағазын жіберіп алдырады. Ол әуелі Мәскеудегі концертке қатысады, сонан соң Францияға сапар шегеді. Сол халықаралық конгрестің этнографиялық концертінде «Ағаш аяқ», «Қанапия», «Үш дос», «Жалғыз арша», «Қосбарабан» әндерін орындап, 2-бәйгемен қоса күміс медальмен марапатталады.
«Париж апталығы» газеті мен «Ле мюзикаль» журналы оның сирек кездесетін дарын екенін жазса, Сорбонна университетінің профессоры Перно фонографқа Әміренің орындауында бірнеше ән жазып алған.
Сондай-ақ 1927 жылы сәуір айында арнайы шақыртумен Мәскеу консерваториясының залында қазақ әндерін тамылжыта шырқады. Сол жылы Германияның Майндағы Франкфурт қаласында өткен Халықаралық музыкалық көрмеде концертке қатысып, қазақтың халық әндерін әлемге паш етті. Оның орындауындағы әндер дүниежүзі мәдениетінің ірі өкілдері Ромен Роллан, Анри Барбюс тардың тарапынан жоғары баға алған. Александр Затаевич Әміренің әншілік өнеріне тәнті болып, одан «Балқадиша», «Дударай», Бес қарагер», «Көк көбелек», т.б. әндерді жазып алып, «Қазақтың 500 ән мен күйі» (1931) жинағында жариялады. Әміренің әншілік қабілетін кезінде қазақ әдебиеті мен өнерінің көрнекті өкілдері Мұхтар Әуезов , Сәкен Сейфуллин , Иса Байзақов , Әлкей Марғұлан , Жүсіпбек Елебеков , Құрманбек Жандарбеков пен Ахмет Жұбанов өте жоғары бағалаған.
1926 жылы Қызылордада құрылған алғашқы театрға Әміре қызметке шақырылады. Келесі жылы 13 қаңтарда «Еңлік-Кебек» пьесасы қойылады. Сол спектакльде Жапалдың ролінде ойнайды. Сол секілді «Қаракөз» спектаклінде Сырымның досы Қоскелдінің ролін де Әміре тамаша сомдай біледі.
Әміре Тригердің «Сүңгуір қайық» спектаклінде қарт, Мұхтар Әуезовтың «Бәйбіше-тоқал» пьесасында қойшы, «Айман-Шолпанда» ақын рольдерін терең толғаныста ойнады. Ол кезде спектакльден кейін концерт қойылатын. Кейбір кештерде Әмірені сахнадан босатпай, қол соғып отырып алатын. Әміренің әндерін көрермен ерекше ықыласпен тыңдайтын. Әміре ән кешінде Біржанның «Жалғыз арша», Мариямның «Дударай», халық әндері «Смет» пен «Ағаш аяқты» шебер орындайтын.
Әміре «Ағаш аяқ» әнін Франция сапарына барғанда ерекше орындады. Ән екінші октаваның ля нотасынан шырқала жөнелді. Қоңыраудай сыңғырлаған таза да биік дауыс еуропа жұртшылығын таң-тамаша етті. Әннің соңғы жағында кеңкілдеп жылағандай болып, сәл үзілістен кейін «ой пәлі-әй!» деп айғайлап жібергенде тыңдаушы селк ете түсіп, ду қол шапалақтайтын. Белгілі Жазушы Жүсіпбек Аймауытов өзінің «Әнші» деген әңгімесінде Әміре жайлы: «Әнші домбырасын күйлеп бір-екі сарындатып алды да, айғайға басты. Зал тым-тырыс. Топты көргенде Әмірхан /Әмірені осылай деп жазған/ аруақтанып көтеріліп кетті. Ән соңында мұратына жете алмай қош айтысқан жанға ұқсап өкінішті, өксікті мұңды әнге басты. Бір сәт тым-тырыс болып қалды да тәтті түсті қайтарам дегендей, дауысын көтере «ой пәлі-әйін» айтқан кезде шапалақ қайта соғылды» деген болатын.
Әміре еліне аянбай еңбек еткен, бойындағы бар өнерін мөлдір сезім арқылы халқына жеткізіп, қазақ халқының мәртебесін биікке көтерген әнші еді. Ол елінің асыл қазынасын қайткенде келер ұрпаққа жеткізем деп талаптанды. Әміренің дауысы тенордың ең жоғарғысы болатын. Күшті де әсем үнімен шырқағанда ән иірімдерін айқындай түсіп, тыңдаушысын тамсандырып жіберетін. Әміре «Ардақ» әнін салғанда дауыс мүмкіндігіне қарап, қазақ елінің ұлан-байтақ кең даласын көзге елестетесіз. Осы орайда Қазақстанның халық әртісі Жүсіпбек Елебековтің Әміре жайлы естелігіне кезек берсек:
«Әміренің аты маған бала күнімнен таныс еді. 1928 жылы атақты әншіні өз көзіммен көріп әнін тыңдадым. Содан бастап Әмірені ұстаз тұтып ол кісіден сабақ алдым. Әміренің дауысы таза, ашық, өте жоғары еді. Әлі есімде, жеті-сегіз шақырым жердегі жылқышылар Әміренің дауысын естіп, іздеп келіп қолқалап отырып, тағы да ән салғызатын»...деп еді өз кезінде.
Абай атамыз «Туғанда дүние есігін ашады өлең, Өлеңмен қара жерге кірер денең», деп бұл өмірде әсем әннің алар орнының ерекше екенін өлеңіне арқау еткен. Біз ән дегенді аса ардақ тұтатын елміз.
Әміренің әншілігі жайлы Қазақстанның халық әртісі Қанабек Байсейітов бір естелігінде: «Мен Әміренің өзін де, әнін де жоғары бағалаймын. Ол ақкөңіл, қулық-сұмдығы жоқ жуас адам. Әнді шабыттана шырқағанда тамақ тұсы басымен бірдей болып көрінетін. Ісініп кеткендей әсер етуші еді. Қазақтың жерінің кеңдігін, жанының сұлулығын сезіну үшін кім де болса Әмірені тыңдау қажет», деген еді.
1924 жылы Семейде әншілердің үлкен жарысы болады. Сонда: «Әміре Қашаубаев пен Қали Байжановтың қайсысы бірінші орын алар екен?», - деген пікір туғанда Қалидың дауысы күшті болғанмен, Әміренің дауысы әсем деген ортақ ойға келеді. Әміреге көп әнші еліктегенмен, ол теңдесі жоқ әнші болып ел есінде қалды. Әннің ішкі ойын дөп басып, әсемдеп айту Әміреге тән еді. Сол кезде « Әміре мынадай ақылдылықпен қалайша айтып отыр» деп таңғалушылар да табылған. Оның бақытты шағы халқының алдында ән салған шағы десек, артық айтпаған болар едік. «Шәкіртсіз ұстаз тұл» дейді халқымыз. Әмірені ұстаз тұтқан әйгілі әнші Манарбек Ержанов еді. Ол Әміренің ән бағдарламасындағы «Ардақ», «Смет», «Ағаш аяқ», «Жалғыз арша» әндерін шебер орындайтын.
Қазақстанның халық әртісі Қалибек Қуанышбаев өз естелігінде: «Әміре ән салғанда демін жиып алатын. Оң жақ алқымында мойнының қалтасы бар еді. Соған бар демді толтырып алып үнемдеп шығаратын. Әміре әнді ғашықтық сезіммен айтатын. Аса көтеріліп ән салғанда бәйге атындай ойнақтап кетер еді», деген. Халық жазушысы Сәбит Мұқанов бір естелігінде: «Әміренің дауысы бірнеше рет еркін көтеріліп, бірнеше рет қайта түсуге жетеді. Әміренің орындауындағы әндер назды, өте сәнді, құлаққа жағымды болатын. «Ертеден шапса кешке озған, ылдидан шапса төске озған» дегендей, Әміренің әрбір әні жаңа ғана басталғандай мүлтіксіз естілетін. Дауысының зорлығы, күштілігі Үкілі Ыбырайдың дауыс ерекшелігіне ұқсайтын», деп жазған.
Енді Қазақстанның халық әртісі Серке Қожамқұловтың көзі тірісінде айтып кеткен ойын ортаға салсақ:
«Мен Әмірені 1925 жылы Қазақ театры ашылғанда көрдім. Ән деген нәрсе әркімге қона бермейді ғой. Талай әншілерді естіп жүрдік. Бірақ дәл Әміредей әнді нақыштай қуаныш-күйінішін жүрекке жеткізе айтатын әншіні кездестірмедім. Әміре алғаш рет «Еңлік-Кебектегі» Жапал ролін ойнады. Онда ол «Көк көбелек» әнін салатын еді. Спектакль біткен соң оған сұрап отырып ән салдыратын. Әміре кейбір әндерді жанынан әуен қосып түрлендіріп жібергенде сүйсініп тыңдаушы едік. Сол кездегі жалпақ елге даңқы кеткен Әміренің мінез-құлқы, кішіпейілділігі, қарапайымдылығы ерекше еді. Әміре бір ренжуді білмейтін. Ойын-сауықтың көркі, алтын қазығы сияқты көрінетін. Әміре бәрімізге де ұстаз еді»...
Әнші Әміре Қашаубаев жайлы қалам тербеп жүрген өнер зерттеушісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жарқын Шәкәрім «Әміре», «Ән жұлдызы», «Ән асқары Әміре» атты жинақтардың авторы. Қаламгердің «Әміре Қашаубайұлы» деген тарихи-ғұмырнамалық эссесі жарық көрді. Жарқын ағамыз алғаш Әміренің дауысын Мәскеудегі музей архивіндегі фонографқа жазылған жазбадан тауып, халқына жеткізген. Әміренің өмірі мен өнерін жете зерттеген . Осы жайлы автор былай дейді:
«Алматыда жүргенде кемел тартқан адамдар Әмірені көргенде аға, аға деп тұрады екен. Әміре Х1Х ғасырдың жастарына әншілік өнерді жеткізді.
1974 жылы Қырғыз республикасының 50 жылдығы болып, антологиясын шығаруды бізге тапсырған. Мәдениет министрлігіміздің келісімімен қырғызға энциклопедия жасамақ оймен іске кірісіп кеттік. Бішкекте бір ай жаттым. Қырғыздардың күйтабақтарын шығару мақсатында Мәскеуге барып елшілікте жаттым. Бір күні Таштанқұл Бәрібаев деген редактор бар еді, Қадырбек Қамбаров деген кісі бар, солардың үйінде жатамын. Бір күні «Әміре Қашаубаев деп отыр әлгі кісілер, қырғызда ондай адам жоқ, қырғыз деп жазып қойыпты» деп айтып отыр. Алдында жолға шығарда Серке Қожамқұлов: «Жарқын, әй, сен осы жолы бірдеңе табасың» деп сезгендей айтқан болатын, мені жолға шығарып салған. Таңертең жүгіріп барып журналды қарасам, орындаған алты әнін жазып қойыпты. Солардың ішінде «Ағаш аяқ», «Үш дос», «Дударай», «Бесқарагер», «Жалғыз арша». Сол көзіме оттай басылды. Дереу Алматыға телефон шалып, «Егеменді Қазақстан» газетінің бас редакторы Сапар Байжановқа хабарлаған едім, бұл жаңалығымызды дереу газетке шығарып ел қуанды. Содан Әміре Қашаубаевтың дауысын арнайы өңдеуден өткізіп, Михаил Иванович Есеналиев деген ағамыз болған, Орталық Комитетте Мәдениет бөлімін басқарған. Сол кісінің алдына әкеп қойдық қой.
Әміре 1925 жылы Парижде Мұстафа Шоқаймен жолыққан. Қайтып келгеннен кейін соңғы тоғыз жылы құсалықпен өтті. Мен өз кітабымда Әмірені ОГПУ қалай сұрақ -жауапқа алғаны, қинағаны жайлы егжей-тегжейлі жаздым.
Әміре Францияға барған сапарында «Дария» деген қонақүйге түсіпті. Өзбек бишісі Тамара ханум бар, башқұрттың қурайшысы Жұмабай Есенбаев бар, тағы басқа өнерпаздар болған, сонда Мұстафа Шоқай бәрін мейманханаға шақырса, жалғыз Әміре ғана барыпты, басқа ешқайсысы бармаған. Осыдан бастап елге келген соң қуғын-сүргін басталса керек»...
1992 жылдың 5 қарашасында Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Кенжегүл Сыздықова құлпытас қойып, елу сегіз жыл елеусіз қалған бейітке белгі соқты. Заты әйел болса да ерлер атқаратын істі Кенжекең жеріне жеткізді. Сол күні көпшілік жиналып, Әміренің рухына құран бағыштады.
Әлем жұртшылығы Әміренің өнері арқылы қазақ халқын таныды. Әміреден Жүсіпбек пен Манарбек үйренсе, асқақ әншіден Мәдениет, Қайрат және Жәнібектер дәріс алып, өз шәкірттерін тәрбиеледі. Бүгінде дәстүрлі ән орындаушылық шеберлігі бірнеше салаға бөлінеді. Осындай игі істің бастауы шоқтығы биік өнер иесі Әміреден бастау алатыны сөзсіз.
Әміре - ұлы әнші, аса дарынды өнер иесі еді. Ол жөнінде талай кітаптар, дастандар жазылмақ. Оның аты ән мектебінде мәңгі қалады. Әнші туралы Қайнекей Жармағанбетовтің "Әнші азамат" повесі бар. Әміре Қашаубаев туралы ақын Қайырбек Шағырдың "Ұлы тенор" поэмасы 2006 жылы жарық көрді.
Республикалық Әміре Қашаубаев атындағы дәстүрлі әншілер байқауы мерзімді уақытта өтіп тұрады. Семей қаласындағы облыстық филармония Әміре Қашаубаев атымен аталады. Республика бойынша Әміре Қашаубаевтың есімімен аталатын музыка мектептері де баршылық.
Әміре Қашаубаев өнер көгінде жарқыраған бір жұлдыз ретінде есімі ғасырлар қойнауына жетер тарихи тұлға. Әміренің іздеушісі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі өнер зерттеушісі әрі танымал күйші-сазгер Жарқын Шәкәрімдей өнер қамқоршысы қазақ жерінде көбірек болса, халық мұрасының ғұмыры ұзақ болар еді.
Алтын Иманбаева,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Қазақ радиосының «Алтын қор» бөлімінің жетекшісі.