Ана болғым келеді: Jibek Joly арнасындағы әлеуметтік жоба аясында 11 сәби дүниеге келді
АСТАНА. KAZINFORM – Jibek Joly телеарнасындағы «Ана болғым келеді» бағдарламасы аясында экстракорпоральды ұрықтандыру жолымен 19 әйел құрсақ көтерген. Дүниеге 6 ұл, 5 қыз бала келді.


«Ана болғым келеді» әлеуметтік жобасының эфирге шыққанына бір жылдай болды. Шығармашылық топ елдің 13 өңіріне барды. 41 рет операция залына кіріп, эмбрион тасымалына куә болды. Жоба жетекшілерінің айтуынша, басты мақсат – елдегі білікті дәрігерлерді дәріптеу, шетелден кем түспейтін емханалардың жұмысын таныстыру және ЭКҰ жолымен балалы болудың еш сөкеттігі жоқ екенін жұртқа түсіндіру.

«Осы тұста Jibek Joly арнасының басшыларына алғыс айтқым келеді. Өйткені, бұл – әлеуметтік жоба. Президент телерадиокешені бұл тұрғыда ауқымды еңбек атқарды. Жалпы, дайындық былтыр ақпан айында басталған. Түсірілім кезінде түрлі жағдай болды. Бағдарламаға қатысқан пациенттердің тұрмыс-тіршілігін ары қарай да көрсетеміз», - дейді жоба авторы Ләйлә Сұлтанқызы.
Бағдарламаға түрлі себеппен «Аңсаған сәби» мемлекеттік бағдарламасына іліне алмай қалған отбасылар таңдап алынған. Көрермен ықыласына бөленіп үлгерген жоба аясында перзент аңсаған 25 жұпқа көмек көрсетілді. Олар орташа құны 2 млн теңге тұратын медициналық қызметті тегін алды.

Айта кетсек, биыл «Аңсаған сәби» бағдарламасының арқасында перзентті болған 100-ден астам ата-ана Астанада бас қосқан болатын. Өзара пікір алмасып, өзгелерге кеңес берді. Олардың бірі бағдарламаның арқасында жүре пайда болған бедеулікке қарамастан екі бала сүйсе, екіншісі тұңғыш баласын экстракорпоральды ұрықтандыру арқылы дүниеге әкеліп, екінші баласын табиғи жолмен көтерген.
Алтынбек Әмит