«Ана болғым келеді»: Маңғыстаулық жұп 26 жыл күткен қуанышымен бөлісті
Маңғыстаулық ерлі-зайыпты Ақбаян мен Сағынбай «Jibek Joly» телеарнасындағы «Ана болғым келеді» бағдарламасы аясында ата-ана атану бақытына ие болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жыл басынан «Jibek Joly» арнасында журналист Ләйлә Сұлтанқызының «Ана болғым келеді» авторлық бағдарламасы көрерменге жол тартқан болатын. Бағдарламаға «Аңсаған сәби» мемлекеттік квотасына белгілі себептерге байланысты іліге алмаған, өз қаражатына бірнеше мәрте экстракорпоралды ұрықтандыру (ЭКҰ) жасауға талпынған, генетикалық дертке байланысты сәбилі бола алмай жүрген отбасылар таңдап алынған болатын. ЭКҰ шығындары «Maryam» қайырымдылық қорына түскен қаражат есебінен өтеледі. Өткен жылы қайырымды жандардың көмегімен 5 әйел жүкті болып, ұзақ уақыт күткен сәбилерін құшағына алды. Бүгінде жоба аясында 12 отбасылық жұптың нәрестелі болуына Алмаз Құрманәліұлы бастаған елорданың білікті дәрігерлері аянып қалмауда.

Ұжымдық еңбектің арқасында жаңаөзендік Ақбаян есімді пациенттің ұзақ күткен арманы орындалған болатын. Жоба барысында жасалған екінші эмбрион тасымалынан кейін оның жүкті екендігі анықталды.
Ақбаян мен Сағынбайдың қуанышына ортақтасып, «Ана болғым келеді» бағдарламасының шығармашылық ұжымы арнайы Маңғыстау өңіріне сапар шекті.

Ақтау қаласындағы Экомед орталығында білікті дәрігер Айгерім Жарылғапқызы Ақбаянның жүктілігінің дамуын ультрадыбыстық зерттеудің көмегімен бақылады. Іштегі шақалақтың жүрек қағысын естуге мүмкіндік болды. Бұл бақытты сәтті отағасы Сағынбай мырза 26 жыл бойы сабырмен күткен еді (отбасы өз қаражатына екі-үш мәрте ЭКО жасатқан, несие алған, үйлерінде өрт болған, бірақ ажырасу туралы мүлдем ой болмаған).
Ата-ана бақытын сезініп, үлкен арманына қол жеткізген Ақбаян мен Сағынбай енді өздері де «Maryam» қайырымдылық қорына демеушілік көрсетіп, басқа жанұялардың бақытына себепші болғысы келеді.