Ана мен бала өлімін азайту жөніндегі профилактикалық жұмыстарға 6,7 миллиард теңге қарастырылған - Денсаулық сақтау министрлігі

None
None
АСТАНА. 22 шілде. ҚазАқпарат - Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекованың төрайымдылығымен бүгін телеконференция режимінде Ана мен бала өлімін және қан айналымы жүйесінің ауруларынан болатын өлім-жітімді азайту жөніндегі кезек күттірмес шаралар қабылдау жөніндегі республикалық штабтың отырысы өтті.

Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Мәжіліске облыстар мен Астана және Алматы қалалары денсаулық сақтау басқармаларының басшылары, салалық республикалық емханалардың, білім беру ұйымдарының, аймақтық денсаулық сақтау ведомстволарының басшылары қатысты.

Мәжілісте ана өлімі мен перинатальдық өлім-жітім проблемалары және оларды азайтудың жолдары, қан айналымы жүйесі аурулары мен одан болатын өлім-жітімнің кейбір мәселелері, сондай-ақ бастауыш медико-әлеуметтік көмек деңгейінде жан басына шаққандағы нормативтің компонентін ынталандыру мәселелері талқыланды.

2011 жылдың І жартыжылдығында ана өлімі көрсеткіші, алдыңғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, 44,5 пайызға (2010 жылдың І жартыжылдығында - 31,0 пайыз), бала шетінеуі - 13 пайызға (2010 жылдың І жартыжылдығында - 15,4 пайыз) азайғаны байқалады. Ал қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім көрсеткіші 2011 жылдың 5 айында республика бойынша, 2010 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, 5,7 пайызға азайған.

Ана мен бала өлімін азайту жөніндегі профилактикалық жұмыстарға 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының аясында ағымдағы жылы 6,7 миллиард теңге қарастырылған.

Соңғы жаңалықтар