Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы беделді америкалық тәуелсіз ұйымның аккредитациясын алуға ниетті

None
None
АСТАНА. Ақпанның 22-сі. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы (АБҰҒО) тәуелсіз америкалық ұйым - Медициналық мекемелерді аккредиттеу жөніндегі халықаралық комиссияның (JCI) аккредитациясын алуға ниетті. Бүгін аталмыш Комиссияның бір топ делегаты АБҰҒО-ның дайындық күйіне баға беру үшін Астанаға келді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

JCI - бұл жүз жыл бойы медициналық қызметтердің сапасына баға беріп келе жатқан америкалық тәуелсіз қоғамның халықаралық органы. JCI-дың аккредитациясы ауруханадағы медициналық қызметтің ең жоғары сапасын, науқастардың қауіпсіздігі мен ем-домның ең дұрыс тәсілдері қолданылып отырғандығын көрсетеді. Сонымен бірге, ол емханаларға шет елдерден науқастарды тартуға мүмкіндік береді.

АБҰҒО-ның Медбикелік іс жөніндегі директоры Джоана Камеронның сөзіне қарағанда, бүгінгі күні JCI-дың аккредитациясына әлемнің 60-тан астам елінің медициналық мекемелері ие. Айта кетейік, ТМД-ға қатысушы елдердің бірде-бір денсаулық сақтау мекемесі оған әлі қол жеткізген жоқ.

JCI мүшелері Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығына бағалауды екі бағытта жүргізетін болады - медициналық қызметтің жалпы жағдайы және емхананың әкімшілік басқаруы. Д.Камеронның айтуынша, JCI алдымен, амханаға алдын ала бағалау жасайды және оның барысында анықталған кемшіліктерді жою үшін іс-шаралар жоспарын ұсынатын болады. Өз кезегінде АБҰҒО жоспардағы ескертулерді бір жылдың ішінде жою үшін бар күштерін салатын болады. Солай, 2011 жылы аккредитациядан өтуге ресми түрде өтінім жасамақ.

Естеріңізге сала кетейік, Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығының басқарылуы 2009 жылғы наурыздың 12-сінде австриялық Vamed компаниясына ресми түрде берілген болатын. Бұл Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың Ұлттық медициналық холдингі базасында халықаралық жетекші компанияның басқаруындағы «Болашақ госпиталін» құру туралы тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында жасалды. Оған сәйкес басқару мерзімі белгіленген 2 жыл 9 айдың ішінде Vamed компаниясы аталмыш Орталықта аурухананы басқару жөніндегі тиімді менеджментті жүзеге асырып, халықаралық стандарттарды енгізу, науқастардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету сондай-ақ Ана мен бала орталығы халықаралық деңгейдегі аккредитацияларға ие болуы үшін қызмет жасауы тиіс.

Соңғы жаңалықтар