Ана мен балаға қол көтергендерге жаза күшейтілмек

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл мәселелері туралы» заң жобасы екінші оқылымда талқылап, құжатты қабылдады.

Еске сала кетейік, аталған заңға Парламенттің бірқатар депутаттары бастамашылық жасаған болатын. Құжат Елбасының «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру мақсатында әзірленді. Атап айтқанда, онда ана мен балаға қарсы бағытталған құқықбұзушылықтар үшін жазаны күшейту туралы тапсырма берілген еді.

Жалпы алғанда, заң жобасымен «отбасылық-тұрмыстық қарым-қатынас» ұғымы нақтыланып, соттардың шешімін әдейі қастықпен орындамағанға жауапкершілік енгізіледі. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты әкімшілік жауапкершілік күшейтіледі. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған тұлғаларды әлеуметтік көмек алатын қиын жағдайға тап болғандар санатына жатқызу да қарастырылып отыр. Отбасы-тұрмыстық қатынастар саласында құқықбұзушылықтар үшін жаза қатайтылады. Бұдан бөлек, тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған адам мен тұрмыстық зорлық-зомбылықтан жәбірленушінің бір ғимаратта бірге тұруына тыйым салу ұсынылады. Бұл ретте жәбірленушінің басқа уақытша балама тұрғын жайы болуы керектігіне баса назар аударылып отыр. Сонымен қатар, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуда айыппұл салу мәселесінің нәтижесі айтарлықтай болмайтыны да қаперге алынды. Өйткені айыппұл көп жағдайда отбасының ортақ бюджетінен төленетіні белгілі. Сондықтан да, бұндай жағдайда айыппұлдың орнына әкімшілік қамау ұсынылады. Сонымен қатар, балалар құқығын қорғау мақсатында қатыгездікпен қарау салдарынан өмірлік қиын жағдайда қалған балаларды көмек көрсету жөніндегі ұйымдарға қабылдау қарастырылады.

Соңғы жаңалықтар