Ана тіліңді ұмытсаң, қазақ емессің: 4 жасында АҚШ-қа көшіп кеткен қазақ баласы сұхбат берді

АСТАНА. KAZINFORM — 4 жасында АҚШ-қа көшіп кеткен қазақ баласы Қазақстанға қайта оралды. Jibek Joly арнасындағы «Бүгін LIVE» бағдарламасына сұхбат берген Саят Нокербан тікелей эфирде елге деген сағынышын жеткізді. 

Ана тіліңді ұмытсаң, шын қазақ емессің: 4 жасында АҚШ-қа көшіп кеткен қазақ баласы сұхбат берді
Фото: Саят Нокербанның жеке архивінен

— АҚШ-қа 4 жасымда кеттім. Қазақстаннан кеткеніме 14 жыл өтті. Елімді сағындым. Мұнда келе сала туысқандарыммен кездестім. АҚШ-та анам мен үлкен ағам қалды. Көп туысым «Саят бізбен бірге тұрады» деп таласыпты. Мені әуежайда көп адам күтіп алды. Бұл Қазақстанға үшінші рет келуім. Өте қуаныштымын, — деді АҚШ азаматы.

Ана тіліңді ұмытсаң, шын қазақ емессің: 4 жасында АҚШ-қа көшіп кеткен қазақ баласы сұхбат берді
Фото: Kazinform

Қазір Саят Техас университетінде қаржы мамандығы бойынша білім алып жатыр. Сонымен қатар банкте жұмыс істейді. Үш апта бұрын әлеуметтік желіде парақша жүргізуді бастаған. Қысқа уақыт ішінде оның контенті 180 мыңнан астам тіркелуші жинапты.

— Мен қазіргі уақытта Остиндегі Техас университетінде «Қаржы» мамандығында оқимын. Банкте жұмыс істеймін. Парақшамды үш апта бұрын жүргізе бастадым. Үш апта ішінде 180 мың тіркелуші жиналды. Менің контентім шетелдіктерге, америкалықтарға қызық. Олар Орталық Азия туралы білгісі келеді. Біздің өміріміз, мәдениетіміз олар үшін ерекше. Қазақстанда метрода, автобуста адамдармен оңай сөйлесіп кетуге болады. Ал АҚШ-та ондай емес. Бізде көп нәрсе басқаша. Архитектура да, мәдениет те. Бірақ музейлеріміз ұқсас. Мен көп музейге бардым. Ғылым мен тарих тақырыптары бойынша өте жақын, — дейді ол.

Студия қонағы ағылшын тілді ортада жүргенімен, қазақ тілін ұмытпаған.

Ана тіліңді ұмытсаң, шын қазақ емессің: 4 жасында АҚШ-қа көшіп кеткен қазақ баласы сұхбат берді
Фото: Видеодан алынған скрин

— Мен анаммен қазақ тілінде сөйлесемін, америкалық әкеммен ағылшынша. Кішкентай кезімнен анам «ана тіліңді ұмытсаң, сен шын қазақ емессің» деп айтатын. Бұл менің миымда қалып қойды. Қазір де қазақ тілімді дамытуға тырысамын. Туыстарыммен WhatsApp арқылы сөйлесеміз. Ондағы топтың атауы да «Бауырлар» деп аталады, — дейді америкалық азамат.

Қазақстанға екі жарым апта бұрын ғана келген Саят ең әуелі анасы дүниеге келген Кеген ауылына ат басын бұрыпты.

— Мен Кеген ауылына бардым. Ол — анамның балалық шағы өткен ауыл. Сол жақта атқа міндім, құрт жасадым, сиыр саудым. Ауыл өмірі қатты ұнады. Әлемдегі адамдарға көрсету үшін дұрыстап контент түсірдім, — дейді блогер.

Ана тіліңді ұмытсаң, шын қазақ емессің: 4 жасында АҚШ-қа көшіп кеткен қазақ баласы сұхбат берді
Фото: Саят Нокербанның жеке архивінен

Америкалық қазақ бұған дейін әншілік, актерлікпен айналысқан. Тіпті өзінің қазақ тілінде жарық көрген әні де бар. Саяттың айтуынша, шетелдегі аудиториясы оның қазақ екенін білгенде айрықша қызығушылық білдіріпті.

— Бұрын мен әнші, актер болғанмын. Сол туралы контент жасайтынмын. Әндерімді өзім жазамын. Әндерім өмірім туралы — әкемнің жоқтығы, қыздар туралы. Жақында «Қолыңды алшы» деген алғашқы әнім шықты. Бұл әнді анаммен бешбармақ жасап жатқанда жаздым. Қазақ екенімді айтқан соң, адамдар сұрақ қоя бастады. Сол үшін мәдениетіміз туралы контент жасайтын болдым. Олар қазақтар туралы көп білмейді. Геннадий Головкин, Димаш, Шавкат сияқты танымал адамдар бар. Бірақ жалпы мәдениетіміз, өміріміз, тарихымыз туралы түсінік жоқ. Мен өзімнің арғын, орта жүз екенімді айттым. Ауылдан шыққанымды, қалай өмір сүретінімді көрсеттім. Тау, көлдерді де түсіріп көрсеттім, — дейді Саят Нокербан.

Ол АҚШ-та жүріп, ұлттық тағамдарды сағынатынын да жасырмады.

Ана тіліңді ұмытсаң, шын қазақ емессің: 4 жасында АҚШ-қа көшіп кеткен қазақ баласы сұхбат берді
Фото: Видеодан алынған скрин

— BBC News-пен сұхбаттасқанда олар менен қандай тамақты жақсы көретінімді сұрады. Мен бәрін жақсы көрем. Манты, лағман, бешбармақ бәрін жегім келеді. Бір апта бұрын алғаш рет жылқы етін жедім. Біз жақта жылқы жоқ қой. Өте дәмді болды, — дейді студия қонағы.

Ана тіліңді ұмытсаң, шын қазақ емессің: 4 жасында АҚШ-қа көшіп кеткен қазақ баласы сұхбат берді
Фото: Саят Нокербанның жеке архивінен

Қазақтардың қонақжайлығы мен ұлттық тәрбиесі Саяттың достарын да таңғалдырыпты.

— Достарым үйге келсе, анам палау, манты дайындап береді. Олар «Сенің анаңды қатты жақсы көреміз» дейді. АҚШ-та ондай емес қой. Қазақстанда жаңа адамдар үйге келсе, «шәй іш», «тамақ же» деп қарсы алады. Бірақ АҚШ-та ондай дәстүр жоқ. Анам қатты тырысады. Кішкентайымнан маған қазақ өлеңдерін оқытатын. Тамақ жасап жатқанда әрқашан қазақша ән қоятын. Мен бала кезімнен «МузАрт» тобын жақсы көремін, — дейді ол.

Ана тіліңді ұмытсаң, шын қазақ емессің: 4 жасында АҚШ-қа көшіп кеткен қазақ баласы сұхбат берді
Фото: Саят Нокербанның жеке архивінен

 

Айта кетейік, 14 маусым күні АҚШ-та Трампқа қарсы ірі наразылық акциясы өтпек.

Соңғы жаңалықтар