Анамның жас кезін есіме салдыңыз - Итальяда қазақ опера әншісіне ерекше баға берілді

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық жас жұлдыз, опера әншісі Әйгерім Алтынбек Итальяда басынан өткен ерекше жайды айтып берді 

Әйгерім Алтынбек
Фото: Видеодан алынған скрин

— Қараша айында Модена қаласында Гяуров атындағы байқау болды. Ол әлем бойынша дәрежесі жоғары байқаулардың бірі. 27 мемлекеттен қатысушылар келді. Жалпы бақ сынаушылардың саны 482-ге жетті. Бұл менің — ең бірінші үлкен байқауым, онда орын аламын, маған рөл ұсынады деп күтпедім. Итальяда Мирелла Френи деген керемет опера әншісі болған, әлемдік әнші. Бұл жарыста үшінші орын алдым, оған қоса Мирелла Френи атындағы жүлдені табыстады, - деді Әйгерім Алтынбек. 

Әйгерім Алтынбек
Фото: Видеодан алынған скрин

Қазақстандық әнші осы байқаудан соң Мирелла Френидің қызымен тілдескенін және оның бір сөзі есінен шықпайтынын айтты. 

— Сіз менің анамның жас кезін есіме түсірдіңіз. Бұл — мен үшін теңдессіз теңеу. Өйткені ол әлемде теңдесі жоқ сопранолардың бірі. Ол кісінің қызынан сондай сөз есту мен үшін үшінші орын емес, гран-примен пара-пар болды, - деді Әйгерім. 

Айта кетейік, Әйгерім Алтынбек бүгінгі таңда Итальяның Парма қаласында Арриго Бойто атындағы консерваторияда 2-курс студенті.

Сонымен қатар қазіргі кезде түрлі әлемдік байқауларға қатысып, үздіктер қатарынан көрініп жүрген, болашағынан зор үміт күттіретін жас талант.

Бұған дейін өнер иесі көпшіліктің операға суретке түсу үшін емес, музыка тыңдау үшін барса екен деген тілегін жеткізді.

Соңғы жаңалықтар