Анар Фазылжан: Құрылтай мен Халық кеңесі терминдерін Конституцияға басқа тілге аудармай жазу керек

АСТАНА. KAZINFORM — Алматы қаласы қоғамдық кеңесінің мүшесі, Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының басшысы Анар Фазылжан Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның бүгінгі отырысында бір палаталы Парламентті қазақ тіліндегі атауымен, аудармасыз қолдануды ұсынды. 

Анар Фазылжан
Фото: видеодан алынған скрин

— Ата заң жобасын қазақ және орыс тілдерінде бір мезгілде әзірлеу ұсынысын қолдаймын. Осы орайда Конституцияның орыс тіліндегі мәтінінде Ұлттық құрылтай және Халық кеңесі атауларын қазақ тілінде жазуды маңызды деп санаймын. Себебі заң шығаруға бастама ететін құқығы бар ең жоғары өкілетті органдардың атауы қоғам санасында бір тілде, бір ұғымда қалыптасу қажет, — деді ол.

Ғалым мұндай тәжірибе біздің қазір де бар екенін еске салды.

— Мысалы, төменгі палата — Мәжіліс атауы мемлекеттік тілдегі нұсқада қолданылып келе жатыр. Сондықтан осы үрдістің жалғасы ретінде Ұлттық құрылтай және Халық кеңесі атауларын басқа тілдердегі аудармасыз, қазақ тіліндегі нұсқада бекіту қисынды деп санаймын. Комиссиядан осы ұсынысымды қолдауды сұраймын, — деді сарапшы.

Өткен аптада Конституциялық комиссияның алғашқы отырысы өтіп, бір палаталы «Құрылтайдың» функциясы мен құрамы, вице-президент лауазымының мемлекеттік биліктегі орны, заң шығару бастамасын көтеруге хақылы «Халық кеңесінің» құзыреті қандай болатыны айтылған еді.  

Соңғы жаңалықтар
Референдум