Анасы терезеден лақтырған павлодарлық бала ауылда тұруды қалайды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Жеті жасар жеткіншек облыстағы ауылдардың бірінде әкесінің қарауында. Ол қалаға оралудан үзілді-кесілді бас тартып отыр.

Павлодар облысы бойынша балалар құқығы жөніндегі уәкіл Сәуле Шәкенова балаға барып, жағдайын сұрап қайтқан. Оның сөзінше, жеткіншек Екібастұзға қарасты ауылдардың бірінде тұрып жатыр. Оған інісінің қайтыс болғаны туралы әлі айтылмаған.
— Әңгімелесу барысында бала ауылда қала бергісі келетінін жеткізді. «20 жыл ауылда тұрамын», — деді. Қалаға қайтудан үзілді-кесілді бас тартты. Әкесі баласы үшін ауылға көшіп баруға келісіп отыр. Мен бірден Екібастұз қаласы әкімінің орынбасары Бибігүл Иманғалиеваға хабарласып, жағдайды түсіндірдім. Ол балаға медициналық көмек көрсету, одан әрі оңалту, жергілікті мектепке ауыстыру, сондай-ақ әкесін жұмысқа орналастыруға байланысты мәселелерді жеке бақылауына алатынына сендірді, — дейді Павлодар облысы бойынша балалар құқығы жөніндегі уәкіл Сәуле Шәкенова.
Қазір жеткіншекті әкесі қарап отыр, оның үнемі көз алдында болғанын қалайды.
Бала ауруханада жатқанда психолог көмегін алған. Омбудсменнің айтуынша, оған мұндай көмек әлі де ұзақ уақыт қажет болады.
Еске сала кетейік, 30 шілде күні Павлодарда әйел екі баласын терезеден лақтырып, өзі де секіріп кеткен.
Кейін әйел мен екі баласының терезеден құлауы бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Ал 1 тамыз күні биіктіктен құлаған балалардың бірі көз жұмды.
Дәрігерлер тірі қалған жеткіншектің жағдайы туралы айтқан.
Жақында жеткіншек ауруханадан шыққаны туралы да хабарлаған болатынбыз.