Аңға шықпасам ауырып қаламын — 13 тазы асырап отырған саятшы

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Сауран ауданына қарасты Абай ауылының тұрғыны Сұлтан Ерімбетовтың 13 тазы иті бар.

тазы
Фото Сұлтан Ерімбетовтың жеке мұрағатынан

Баршасына ен салып, ат қойып қойған. Мәселен, иттерді алғырлығына қарап Қаршыға, Көкдауыл, Керемет, Сұңқар деп атайды. Ал аңға барлығын бірге алып шығады.

тазы
Фото Сұлтан Ерімбетовтың жеке мұрағатынан

Ши тазылар қоянды көп аулайтын болса, қумай тазы мен дүрекі тұқымдасы түлкі мен шибөріге көп шабады.

— Атам мен әкем тазы ұстаған. Мен де кішкентайымнан ит асырап келемін. Тұқымынан көбейтіп жатырмын. Тазының қумай деген түрі ірілеу келеді. Ал, дүрекі — төбет пен тазының будандасуынан шыққан. Шыдамды, тоңбайды. Ши тұқымдас тазы жіңішке болады. Қазір 10 қумай, 2 дүрекі, бір ши тазы итім бар, — дейді саятшы. 

тазы
Фото Сұлтан Ерімбетовтың жеке мұрағатынан

Сұлтан Ерімбетов тазылардың көпшілігін өзі күшік кезінен асыраған. Ал, ішіндегі ірілерін Тараз, Шымкент қалаларынан арнайы алып келіпті.

Біреуінің бағасы бір жабағының құнына тең.

а
Фото Сұлтан Ерімбетовтың жеке мұрағатынан

— Аңға бәрін бірге алып шығамын. Бәрі үйретілген. Тазылардың аңға деген өзіндік қызғушылығы болады. Қанында бар. Күшіктері аналарымен бірге жүріп ауыздықтанады. Кейін бірін-бірі сүйрейді, — дейді ол. 

Күн суытып, қыс түскеннен бастап Сұлтан Сайфуллаұлы да қажетті заттарын түгендеп, аңға шығуға дайындалады.

саятшы
Фото Сұлтан Ерімбетовтың жеке мұрағатынан

Күн сайын, кейде аптасына екі рет тауға шығады. Саятшының қоржыны бүгінге дейін бос қайтпаған. 

— Қазан айынан бастап тазылар да тауға қарап қыңсылап, шулап қоя береді. Қасқыр, қоян, түлкі алып келеді. Шибөріні көп аулайды. Себебі біздің жақта көбейіп кеткен. Одан бөлек, екі төбетім бар. Олар тазылардың қасында жүреді. Көбіне шошқаға шыққанда қосылады. Өзім тауға шықпасам ауырып қаламын. Атым бар. Бірақ көбіне жаяу жүремін. Ал, жылқыны қар қалың кезде ғана мінемін, — дейді саятшы. 

Сұлтан Сайфуллаұлы бүркіт те бағып көрген. Бірақтан тұздалған ет жеп қойған тұз тағысын аман алып қалу мүмкін болмапты. Ал тазысының саны 20-ға дейін көбейген. Екі-үшеуін сұрап келген ағайын туыстың көңілін қалдырмай, жетектетіп жіберіпті.

тазы
Фото Сұлтан Ерімбетовтың жеке мұрағатынан

Тазылардың күтімі де бөлек. Аптасына бір қап ұн жейді. Сондай-ақ, ет қалдықтарымен қоректенеді. Оны Сұлтан базарға барып, қасапшылардан әкеледі.

тазы
Фото Сұлтан Ерімбетовтың жеке архивінен

Кейбірін тегін алса, кейде сатып алады. Қайнатып, сорпасынан быламық жасап береді. 

— Жан-жақты күтім керек. Өз балаңа қарағандай аялап, күтіп-бақпаса аңға шаппайды. Бағу, баптау қиын, жазда су сеуіп отырамын. Жалпы тазы баққанды ұнатамын, сатпаймын. Ашаршылық кезінде бір тазы бір ауылды асыраған гой. Сондықтан бұл иттің киесі бар. Өзім алысқа кеткенде жұбайым бас-көз болады. Иттерді 4 жасар қызым да қатты жақсы көреді. Тіпті күшіктерін көтеріп, арқалап жүреді, — дейді ол.

Айта кетейік, бұдан бұрын «Ұлы дала жорығы» халықаралық марафон-бәйгесі қашан басталатынын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар