Англия Еуропа чемпионаты жартылай финалына шықты

АСТАНА. KAZINFORM - Футболдан 2024 жылғы Еуропа чемпионатында Англия жартылай финалға жолдама алды.

футбол
Фото: Alex Morton - UEFA / Contributor / UEFA / Gettyimages.ru

Бұл күнгі алғашқы кездесуде Англия мен Швейцария шеберлік байқасты.

Жанкүйерлер биыл құрлықтық додада ағылшын футболшылары чемпион атанады деп болжам жасаған еді. Десе де олар топтық кезеңде жақсы ойын өрнегімен көзге түсе алған жоқ.

С тобында сынға түскен Англия Сербияны 1:0 есебімен жеңсе, Даниямен 1:1, Словениямен 0:0 есебімен тең ойнады.

Ал ширек финалда Словакияны қосымша кезеңде 2:1 есебімен сүріндірді.

Бүгінгі Швейцариямен кездесуде де негізгі кезеңде жеңіске жете алмады. Ойынның 75-минутында швейцариялық Брил Эмболо есеп ашып кетті. Оған 80-минутта англиялық Букайо Сака бір голмен жауап қайырды.

Осылайша негізгі кезең 1:1 есебімен тең аяқталып, ойын қосымша кезеңге ұласты. Қосымша кезеңде жеңімпаз анықталған жоқ. Пенальтилер сериясында Англия жеңіске жетіп, жартылай финалға жолдама алды.

Енді олар 10 шілдеде жартылай финалда Нидерланд және Түркия жұбының жеңімпазымен кездеседі.

Енді 00.00-де Нидерланд пен Түркия кездесуі басталады.

Еске салсақ, бұдан бұрын жартылай финалға Испания мен Франция құрамалары жолдама алған еді.

Жартылай финал ойындары 9 және 10 шілде күндері өткізіледі. Финал 14 шілдеге белгіленген.