Англияда Тейлор Свифтке арналған кеште әлдебіреу балаларды пышақтап өлтірді

АСТАНА. KAZINFORM — Англияның солтүстігіндегі Ливерпульге жақын орналасқан Саутпорт қаласында балалар би клубына шабуыл жасалды, деп хабарлады жергілікті полиция. Екі бала пышақ жарақатынан қаза тапты, тағы тоғызы ауыр жарақат алды. Жараланған балалардың алтауының жағдайы ауыр, деп жазады ВВС. 

liverpoolecho.co.uk
Фото: liverpoolecho.co.uk

Зардап шеккен тағы екі ересек адамның жағдайы ауыр. Полицияның айтуынша, олар «шабуылға ұшыраған балаларды барынша қорғауға тырысқан».

Көршілес Бэнкс қаласының 17 жастағы тұрғыны шабуыл жасады деген күдікпен қамауға алынды.

Себебі әлі хабарланған жоқ, бірақ британ полициясы бұл оқиғаны терроризммен байланысты деп санамайды. Шабуылдаушы жалғыз әрекет еткен деген болжам бар.

Куәгердің айтуынша, шабуылдаушы Саутпорт қаласының орталығына таксимен келіп, жүргізушіге жол ақысын төлемей кеткен.

Артынша күдікті әнші Тейлор Свифтің музыкасына арналған би үйірмесіне қатысатын оқушыларға пышақпен шабуыл жасаған.

Жергілікті тұрғындар қансырап жатқан балаларға медициналық көмек көрсетіліп жатқанын көргенін айтады.

Шабуыл кезінде жергілікті тұрғындарға үйінен шықпауға кеңес берілді.

Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер шабуылды «нағыз қаскүнемдік» деп атап, алғашқы көмек көрсеткен төтенше жағдай қызметкерлеріне алғысын жеткізді.

Соңғы жаңалықтар