Англияда үш кішкентай қызды өлтірген қылмыскерге қатысты үкім шықты
АСТАНА. KAZINFORM - Саутпортта үш қызды өлтірді деп айыпталған ер адам 50 жылдан артық мерзімге бас бостандығынан айрылды, деп жазады Euronews.

Бұған дейін Англияның Саутпорт қаласында би сабағы кезінде үш қызды өлтіріп, тағы 10 адамды жаралаған 18 жастағы Аксель Рудакубана барлық айыпты мойындаған болатын. Ол кем дегенде 52 жылға бас бостандығынан айрылды.
Судья Джулиан Гус шартты түрде мерзімінен бұрын босатусыз өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындай алмайтынын айтты. Өйткені қылмыс жасалған кезде Рудакубана 18-ге толмаған және ол өз кінәсін мойындаған.
Рудакбуана шілде айында Саутпорт қаласында балаларға шабуыл жасағанда 17 жаста болған. Шамамен 15 минутқа созылған шабуыл кезінде ол 9 жасар Алиса Дасильва Агиарды, 7 жасар Элси Дот Станкомбты және 6 жасар Бебе Кингті өлтіріп, тағы сегіз бала мен екі ересек адамды жаралады.
Қайтыс болған қыздардың біреуінде 122, екіншісінде 85 жарақат болған.