Англияның денсаулық сақтау қызметінен үлкен олқылықтар анықталды
АСТАНА. KAZINFORM - Ұлыбританияның Ұлттық денсаулық сақтау қызметінің жағдайы сын көтермейді. Тәуелсіз зерттеудің нәтижесі осындай. Дәрігердің қабылдауын күткен науқастардың саны рекордтық деңгейге жеткен. Либералды демократтар салаға қаржы құю керек десе, билік партиясындағылар реформа қажет деп отыр, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.
Әлеуметтік желілерде үйдегі бақылау камерасымен түсірілген кадрлар жария етілді. Бейнеден өзін нашар сезінген адамның жұбайымен бірге жедел жәрдем қызметін шақырып жатқанын көруге болады. Бір жарым сағат уақыттан кейін ғана медицина қызметкерлері келіп, науқасты ауруханаға жеткізген. Бірақ, өкінішке қарай, 59 жастағы ер адамды жүрек талмасынан құтқару мүмкін болмады.
“Мен жақын адамымның өз өмірі үшін күресуге мүмкіндігі болмағанына ашулымын. Дәрігерлердің оған қол ұшын соза алмағанына налимын. Мен жолдасымды қатты сағындым. Ұлттық денсаулық сақтау қызметіне деген өкпем қара қазандай,” - дейді марқұмның жолдасы Лесли Мартин.
Англияда жүрек ауруымен ауыратын науқастарға жедел жәрдем қызметі орташа есеппен 18 минутта жетуі керек, бірақ бұл меже көбіне 40 минутта, яғни 2 еседен көп уақытта орындалып жүр. Нәтижесінде жыл сайын мыңдаған адам бақилық болуда. Бұдан бөлек, ұлттық денсаулық сақтау қызметінің басқа да сорақы тұстары мәлім болды.
“Қаржыландырудың жетіспеушілігіне байланысты психикалық ауытқулары бар науқастар Виктория дәуіріндегі паразиттерге толы камераларға орналастырылған. 17 ер адамға тек 2 шомылу бөлмесі қарастырылған. Адам өмірі үшін аса маңызды қатерлі ісіктің ерте диагностикасын жетілдіруге бағытталған жұмыстарда ілгерілеу жоқ,” - дейді хирург-кеңесші Ара Дарзи.
Ара Дарзи парламенттің лордтар палатасының отырыстарына қатысатын дәрігер. Оған үкімет Ұлттық денсаулық сақтау қызметінің жағдайын зерттеуді тапсырған. Оның есебі бұл саланың кемшін тұстарын тізбелеуге ғана бағытталмаған. Кез-келген білікті дәрігерге тән қасиет, ол диагноз қойып қана қоймай, емдеу жоспарын да ұсынды.
“Қаржының жетімсіздігі денсаулық сақтау қызметіндегі өнімділіктің төмендеуіне тікелей әсер етеді. Бәріне мамандардың жетіспеушілігі себеп деп ойлауға дағдыланғанбыз. Олай емес. Зерттеуге сәйкес дәрігерлер санының көбейгені анық аңғарылады, бірақ өнімділік төмен. Салаға инвестиция құю арқылы ғана тиімділікті арттыруға болады,” - дейді хирург-кеңесші Ара Дарзи.
Либералды демократтар да қаржыландыруды көбейтуге шақырады. Олар терапевт қызметінің ауқымы кеңейіп, науқас 7 күннің ішінде, ал шұғыл қажет болған жағдайда 24 сағаттың ішінде қабылдануы керек деп санайды. Деректерге сәйкес, басы ауырып, балтыры сыздағандар дәрігерге қаралу үшін 4 апта немесе одан да көп уақыт күтуге мәжбүр болып жүр.
“Жыл сайын дерлік үкіметтер тағы бір қыстан аман шығу үшін денсаулық сақтау қызметінің жыртығын жамауға жүздеген миллион фунт қаражат жұмсап жүр. Оның орнына салаға біржола инвестиция құйған тиімдірек болар еді,” - дейді либерал-демократтар партиясының көшбасшысы Эд Дэйви.
Билік партиясының көшбасшысы, керісінше, қосымша қаржыландырудан гөрі саланы реформалау қажеттігін атап өтіп, денсаулық сақтау қызметін жақсартудың 10 жылдық жоспарын ұсынды. Ол тіс жегісінің алдын-алып, темекі шегуді тоқтатып, семіздікті болдырмау үшін профилактикалық шараларды қолға алу керек дейді. Стармер шіріген тістерін жұлып тастау үшін қаншама баланың ауруханаға жатқызылғанын білгенде қатты таң қалғанын жасырмады.
“Есепте айтылғандай, денсаулық сақтау қызметі өте мүшкіл жағдайда болуы мүмкін, бірақ оның маңызды көрсеткіштері жоғары деңгейде және біз ұзақмерзімді реформаны жүзеге асыру үшін батыл қадам жасауымыз керек. Сала күрделі операцияны қажет етеді. Біз қиындықтарға қарсы тұра аламыз,” - дейді Ұлыбританияның премьер-министрі Кир Стармер.
Бұрынғы үкімет жиілеп кеткен дәрігерлердің ереуілдерін сылтау етіп, терапевтің қабылдауын күткендердің кезегін қысқарта алмады. Бірақ Стармер сайлауда жеңгеннен кейін ақ халаттылардың жалақысын көтеріп, келісімдерге қол жеткізді. Бірақ қазір бюджетте ақша жоқ. Тіпті, 22 миллиард фунт көлемінде тапшылық сезіледі. Сондықтан денсаулық сақтау қызметіне ақша құйылып, саланың мүшкіл халі жақсара кетеді деп айту қиын.