Ангола ОПЕК-тен бас тартты. Әлемдік мұнай нарығында не өзгермек
АСТАНА. KAZINFORM — Әлемде мұнайды мол өндіретін елдердің бірі Ангола ОПЕК құрамынан шықты. Ангола шыққаннан кейін Мұнай экспорттаушы елдер ұйымы құрамы 12 мемлекетке дейін қысқарды. Бұл Қазақстан үшін не білдіреді, мұнай нарығы мен әлемдік экономикаға қалай әсер етеді? Бұл жайында агенттік тілшісінің материалынан оқыңыздар.
Ангола ОПЕК-тен неге шықты?
Өткен жылдың 21 желтоқсанында Анголаның Мұнай экспорттаушы елдер ұйымынан (ОПЕК) шығуға шешім қабылдағаны белгілі болды.
ОПЕК-ті 1960 жылы мұнай өндіруші елдер құраған болатын. Мақсаты — мұнайдың әлемдің бағасына бақылау жасау. Ұйым құрамына Алжир, Ангола, Эквадор, Габон, Иран, Ирак, Кувейт, Ливия, Нигерия, Қатар, Сауд Арабиясы, БАӘ, Венесуэла кірді.
Дегенмен, 2016 жылы мұнай бағасының күрт құлдырауы аясында ОПЕК-тің мұнай бағасын бақылау бастамасына тағы 10 ел қосылуға шешім қабылдады — Ресей, Қазақстан, Мексика, Әзербайжан, Бахрейн, Бруней, Малайзия, Оман, Оңтүстік Судан және Судан. Осылайша, жаңа ОПЕК+ форматы қалыптастырылды.
Анголаның ОПЕК-тен шығатындығын елдің Минералды ресурстар, мұнай және газ министрлігінің (MIREMPT) басшысы Диамантино де Азеведо мәлімдеді. Шешім 2023 жылдың 20 желтоқсанында Ангола Президенті Жоау Лоуренсудың төрағалығымен өткен Министрлер кеңесі отырысында қабылданды.
Ел 2024 жылға арналған квотаға қанағаттанбайтынын және оны сақтауды жоспарлайтынын мәлімдеді. Ангола шешімі ОПЕК+ бастамасымен байланысты екендігі айтылады.
Аталған шешім аясында Анголаның тәуліктің мұнай өндіруге қатысты мақсатты көрсеткіші 1,11 млн баррельге дейін төмендетілген еді.
Осылайша, ОПЕК+ аясында мұнай өндіруге арналған квота төңірегіндегі қызу талас-тартыстан кейін Ангола ұйымдағы 16 жылға созылған мүшелігін доғарды.
Қайталама деректерге негізделген ОПЕК мәліметіне сәйкес, өткен жылдың қарашасында Анголада мұнай өндіру тәулігіне 37 мың баррельге қысқарып, 1,13 млн баррельді құраған. Бұл ретте елдің 2023 жылғы квотасы тәулігіне 1,455 млн баррельді құраған болатын.
Былтыр қарашада Ангола Үкіметі 2024 жылдың 1 қаңтарынан елдің ұйымнан өз еркімен шығатындығын рәсімдейтін құжатты ОПЕК-ке жіберді.
ОПЕК мұнай нарығындағы тұрақтылықты ұстап тұруға бейіл
Жыл басында ОПЕК хатшылығы ОПЕК-ке мүше елдермен және ОПЕК+ мәмілесіне қатысқанымен ұйым құрамына кірмейтін мұнай өндіруші мемлекеттермен кеңескеннен кейін мәмілеге қатысушы елдердің бірлік пен ұйымшылдықты, сонымен қатар 2016 жылдың 10 желтоқсанында қол қойылған Ынтымақтастық туралы декларация негізінде мұнай нарығындағы тұрақтылықты қолдау бойынша күш-жігерді жалғастыруды толықтай қолдайтындықтарын растағанын атап өтті.
Бұған қоса, ОПЕК-ке мүше елдер ұйымның ішіндегі, сондай-ақ ОПЕК-ке кірмейтін мұнай өндіруші елдермен бірлік пен ұйымшылдықтың ортақ мақсаттарын нық ұстанатындығын тағы бір мәрте қуаттады.
«Ынтымақтастық, диалог, өзара құрмет пен сенімнің теңдессіз деңгейі алдағы уақытта да мұнан арғы ортақ күш-жігердің негізі болып қала береді. БҰл барлық өндірушілер, тұтынушылар мен инветорлар, сонымен қатар жалпы әлемдік экономика игілігі үшін», — делінген ОПЕК таратқан баспасөз мәлімдесінде.
Экспорттаушы елдер Анголаның нарықтан кетуінің есесін қайтара алады
Қазіргі уақытта ОПЕК-ке 12 ел мүше. Дегенмен, осы айда Бразилия ОПЕК күш-жігерін қолдауға шешім қабылдап отыр.
Бұл ел Анголаның нарықтан кетуінің есесін қайтаруға қауқарлы. Айталық, 2023 жылдың 3-тоқсанында Бразилияның тәуліктік мұнай өндіру көлемі — 1,4 млн баррель болатын.
Сарапшы Михаил Васильев Анголаның ОПЕК-тен шығуы мұнай бағасын айтарлықтай өзгертпейтінін алға тартады.
«Ел тәулігіне 1,1 млн баррель мұнай өндіреді әрі өндіру көлемін айтарлықтай арттырып, әлемдік нарықтағы сұраныс пен ұсыныс балансын бұзуға жететіндей қауқарға ие емес», — деп атап өтеді сарапшы.
Оның айтуынша, таяу айларда Brent маркалы мұнайдың бағасы барреліне 73-83 АҚШ доллары аралығында ауытқиды. Ал осы жылдың ішінде орташа баға барреліне 80 доллар деңгейінде болады.
ОПЕК-тегі шиеленіс Қазақстанға әсер етпейді
Қазақстан ОПЕК құрамына кірмейді. Дегенмен, соңғы 7 жылдан астам уақыттан бері мұнайдың әлемдік нарығындағы тұрақтылық үшін ОПЕК+ халықаралық мәмілесіне қолдау көрсетіп келеді.
Қазақстан бюджетінің жартысы мұнайдан түсетін кіріс есебінен қалыптасады. Дегенмен, әлемдік нарықтағы мұнайдың қазіргі оңтайлы бағасының арқасында ел Үкіметі қаржылық міндеттемелерін орындау барысында проблемаға тап бола қоюы екіталай.
Айта кетерлігі, 2023 жылы эталондық Brent маркасының бір баррелінің құны шамамен 80-83 доллар болған еді.
Бүгінде әлемнің бүкіл«ақыл-ой орталықтары» 2024 жылы да сондай көрсеткіш болатынын болжап отыр.
ОПЕК-тегі шиеленіс және 2023 жылдың 30 қарашасында Қазақстанның мұнай өндіруді өз еркімен қысқарту жөніндегі ОПЕК+ мәмілесіне қосылуы (Қазақстан 2024 жылдың 1-тоқсанында мұнай өндіру көлемін тәулігіне 82 мың баррельге, яғни, 1 468 млн баррельге дейін қысқартады — ред. ескертпесі) ел экономикасының дамуына теріс әсер ете алмайды.
Бұған дейін де Қазақстан 2023 жылдың сәуір-желтоқсан аралығында мұнай өндіру көлемін тәулігіне 78 мың баррельге, яғни 1,55 млн баррельге дейін төмендету жөнінде міндеттеме алған болатын.
Platts деректеріне сәйкес, 2023 жылдың желтоқсанында Қазақстан тәулігіне 1,56 млн тонна мұнай өндірген еді.
Астана мұнай өндіру көлемін қысқартудың оңтайлы нұсқасы мен көлемін қарастырып жатыр
Қазақстандық сарапшы Андрей Чеботаревтың пайымынша, Қазақстан Үкіметі 2024 жылы мұнай өндіру көлемін қандай болатындығын ескере отырып, ОПЕК+ мәмілесіне орай қосымша қысқартуға келісім беріп отыр.
«Үкімет 2023 жылдың соңында-ақ „Теңізде“ — ТШО-ны кеңейту жобасы аясында мұндай өндіру көлемінің 2024 жылдың ортасынан соңына қарай ысырылатындығын білді. ТШО-ны кеңейту жобасы жыл ортасында іске қосылған жағдайда Қазақстанның Энергетика министрлігі квота көлемін қосымша қысқартуға келіспейтін еді әрі көне қоюы да неғайбіл. Әзірше, жаңа квота Қазақстанға теріс әсер етппейді», — деп атап өтеді Андрей Чеботарев.
2023 жылдың желтоқсанында Қазақстан Энергетика министрінің кеңесшісі Шыңғыс Ілиясов республиканың ОПЕК+ алдындағы жаңа міндеттемелері аясында 2024 жылы мұнай өндіру көлемін қысқарту үшін ірі мұнай өндіретін компаниялармен келіссөз процесі басталғанын мәлімдеген болатын.
«Оңтайлы нұсқа мен қысқарту көлемі қарастырылып жатыр», — деген еді ол.
Қазақстандағы мұнай қоры және өндіру жоспары
Қазақстанға қатысты айтар болсақ, 2023 жылдың қорытындысында 89 млн тонна мұнай өндіретіндігі көзделген.
Еліміздің Энергетика вице-министрі Асхат Хасенов өткен жылдың күзінде БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында еліміздегі мұнай қорына және өндіру жоспарына қатысты деректерді атаған еді.
«Қор 2 санақта бөлінеді: геологиялық және өндірілетін. Геологиялық қор — 15,5 млрд тоннаны, өндірілетін қор 4,4 млрд тоннаны құрайды. Кен орнын игеру немесе барлаудан игеруге көшу барысында осы қорлардың балансы өзгереді. Математика тілімен айтар болса, жылына 100 млн тонна мұнай өндірген кезде өндірілетін қор 40-45 дылға жеткілікті. Дегенмен, бұл осы мерзімнен кейін қорлар таусылады дегенді білдірмейді. Жыл сайын жаңа кен орнындары барлаудан игеру сатысына өтіп, қор толықтырыла түседі», — деп түсіндереді Асхат Хасенов.
Оның айтуынша, Қазақстан 2023 жылы 70 млн тоннандан астам мұнай экспортқа шығарып, ішкі нарыққа шамамен 17-18 млн тонна мұнай жөнелтуді жоспарлады.
2023 жылдың нәтижелеріне қатысты да, 2024 жылы өндірілетін мұнай көлеміне қатысты да әзірше мәлімет жоқ.