Анголада 500-ден астам адамның сүйегі жатқан қорым табылды

АСТАНА. KAZINFORM – Анголаның Луанда қаласында 1977 жылғы 27 мамыр оқиғалары кезінде қаза тапқан 500-ден астам адамның сүйегі жатқан бауырластар зираты табылды, деп хабарлайды Noticia Sao Minuto басылымы.

Анголада 500-ден астам адамның сүйегі жатқан қорым табылды
Фото: Wikipedia

Жаппай жерлеу орны Ангола тарихындағы ең қасіретті кезеңдердің біріне қатысты тергеу барысында №14 зират аумағынан анықталған.

Әділет және адам құқықтары министрі Марси Лопеснің айтуынша, қорымның орны бес жыл бойы арнайы технологиялық жабдықтардың көмегімен іздестірілген. Табылған сүйектер құрбандардың жеке басын анықтау және туыстарына жақындарын тануға көмектесу үшін зертханалық сараптамаға жіберіледі.

Луандадағы Орталық криминалистика бөлімінде және елдің өзге провинцияларында туыстарының ДНҚ үлгілерін тапсыруына мүмкіндік беретін арнайы тізім жарияланады.

Іздеу жұмыстарымен 2019 жылы құрылған Саяси қақтығыстар құрбандарын еске алу және татуласу жоспарын іске асыру комиссиясы (CIVICOP) айналысып келеді. 2021 жылдан бері елдің сегіз провинциясында 316 құрбанның сүйегі эксгумацияланып, 3 200-ден астам өлім туралы куәлік берілген. Сонымен қатар шамамен 500 отбасы жақындарын әлі де іздеп жүр.

1977 жылғы 27 мамырдағы оқиғалар президент Агостиньо Нетоге қарсы мемлекеттік төңкеріс жасау әрекетінен басталған. Көтеріліс Куба әскерінің қолдауымен күшпен басып-жаншылғаннан кейін билеуші партия мүшелеріне қарсы жаппай тұтқындаулар мен өлім жазалары жүргізілген.

Оқиға құрбандарының нақты саны әлі күнге дейін анықталмаған. Әртүрлі деректер бойынша, қаза тапқандар саны бірнеше мың адамға жетуі мүмкін.

Айта кетейік, былтыр қарағандылық археологтер сақ жауынгері жерленген қорымды тапты.