Анимация саласы қалай дамып келеді – маманмен сұхбат

анимация
Фото: Ділшат Рахматуллин

Қазақстанда мультипликация, анимация саласына бет бұрған жастардың саны артып келеді. Бүгінде елімізде мульфильм жасайтын 40-тан астам студия бар. Солардың бірін алматылық Ділшат Рахматуллин басқарады. Жас режиссер – аниматор Kazinform тілшісіне өз саласының қыр-сыры туралы айтып берді.

– Маман ретінде айтыңызшы жалпы отандық анимацияның қазіргі деңгейі қалай?

– Осыдан 10 жыл бұрын анимация кенже қалған сала болғаны рас. Қазір жақсы дамып келеді. Анимация-креативті индустрияның ажырамас бөлігі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр өзінің сайлауалды бағдарламасында креативті индустрияны қолдайтынын айтқан. Биылғы Жолдауында да бұл мәселеге ерекше назар аударды. Өңірлерде креативті индустрия орталықтарын ашып, шығармашыл адамдардың өнімін коммерцияландыруға көмек көрсетілуі керек деді. Сондай-ақ креативті индустрия субъектілеріне қолдау жасауға арналған шаралардың жеке топтамасын әзірлеуді тапсырды. Мемлекет басшысының бұл идеясы анимация саласына қызығушылық танытатын жастарға жол ашты. Оған дәлел анимациялық орталықтардың көптеп ашылуы.

анимация
Фото: Ділшат Рахматуллин

– Өзіңіз басқарып отырған орталық қашан құрылды?

– Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясында режиссер - аниматор мамандығы бойынша білім алдым. Бұл өнердің қиындығы көп болғанымен, шынайы әрі саф өнер деп қараймын. 2011 жылы «Dala Animation» студиясын аштым. Осы уақыт аралығында 60-тан астам мультфильм жасадық. Оның ішінде көпсериялы және қысқа метражды туындылар бар. Мысалы, 20 сериялы мульфильмге бір жыл уақыт кетеді. Қазір біздің орталықта өз кәсібін мықты меңгерген 25 маман жұмыс істейді. Біздің аниматорлар дайындаған туындылар кішкентай көрермендердің көңілінен шығып жүр. Бұл біз үшін үлкен бақыт, олардың ықыласы бізді шабыттандырады.

анимация
Фото: Ділшат Рахматуллин

– Сіздің студияға тапсырыс қайдан түседі?

– Тапсырыстың 90 пайызы мемлекеттен түседі. «Dala Animation» студиясына алғашқы тапсырыс «Балапан» телеарнасынан түскен болатын. Қазір де сол арнамен бірігіп түрлі жобаларды жүзеге асырып жатырмыз. Мысалы, «Алпамыс», «Ер Тарғын», «Қобыланды», «Ақылды тентектер» сияқты ондаған мульфильм бар. Былтыр кино орталығының бастамасымен «Бесік жыры» деген мультфильм жасадық. Ол – фестивальдық жұмыс. Бұл фильм бүкіл әлемді айналып шықты десе болады. Ең басты жүлдеміз Испаниядан келді, одан кейін Лондоннан, Түркиядан. Соңғысы Қырғызстаннан келді.

анимация
Фото: Ділшат Рахматуллин

– Фильмді қалай түсіретіні жайлы көріп-біліп жүрміз, ал анимацияның жасалуы көпшілікке жұмбақ...

– Алдымен мультфильмнің тақырыбы таңдалады. Сосын командамен бірге идеясын талқылаймыз. Кейін тақырыпқа сай сценарий жазылады. Онда детальдар, кейіпкерлер, оның ішінде жағымды-жағымсыз кейіпкерлер арасындағы тартыс, барлығы бүге-шігесіне дейін қамтылады. Содан кейін сурет салынады. 3D болса, оның модельдерін саламыз, анимациясы біткен соң рендер шығады, монтаж, кампоз. Кампоз дегінміз – жинау.

анимация
Фото: Ділшат Рахматуллин

– Мультфильм жасау үшін қандай мамандар қажет?

– Анимация жасау үшін, ең алдымен, режиссер қажет. Суретші, аниматорларсыз мультфильм шықпайтыны айтпаса да түсінікті. Аниматор дегеніміз – қимылды жасайтын мамандар. Одан кейін монтажер, дыбыстаушы актерлер мен композитор да керек. Продюсердің де болғаны абзал.

анимация
Фото: Ділшат Рахматуллин

– Анимация жанрларға бөліне ме?

– Әрине, комедия, фантастика, тарихи, авторлық болып бөлінеді. Кино қандай негізгі жанрларға бөлінсе, бұл да солай жіктеледі. Сонымен қатар мультфильм мектепке дейінгі, мектеп жасындағы балаларға жəне ересектерге деп бөлінеді. Мектепке дейінгі мультфильмдер өте қарапайым, затты таныстыру сияқты танымдық тұрғыда жасалады. Ал мектеп жасындағы балаларға жəне ересектерге айтары бар, философиялық ой білдіретін фильмдер жатады.

анимация
Фото: Ділшат Рахматуллин

– Қазіргі таңда қандай мультфильм жасап жатырсыз?

– Биыл біз «Балапан» арнасының тапсырысы бойынша Әли мен Айя деген 19 сериялы мульфильмді аяқтадық. Сондай-ақ Қазақ анимациясына «Тұңғыш көктүрік» деген қысқа метражды фильм жасап шығардық. Бәрі дұрыс болса, аталған картина фестивальдерге қатысады.

– Әңгімеңізге рақмет!

анимация
Фото: Ділшат Рахматуллин
анимация
Фото: Ділшат Рахматуллин
анимация
Фото: Ділшат Рахматуллин
анимация
Фото: Ділшат Рахматуллин

 

Соңғы жаңалықтар