Аңызға айналған Citroën 2CV электромобиль ретінде қайта шығарылады

АСТАНА. KAZINFORM – Францияның әйгілі Citroën 2CV автомобилі өндірістен алынғанына 40 жылға жуық уақыт өткен соң электрлі нұсқада қайта оралады. Жаңа модель 13-18 қазан аралығында өтетін Париж автосалонында таныстырылады, деп хабарлайды Euronews.

ы
Фото: Stellantis

1948 жылы алғаш шығарылған Citroën 2CV Франция автомобиль өнеркәсібінің символдарының біріне айналған. Модель 1990 жылға дейін өндіріліп, барлық нұсқасын қосқанда 5 миллионнан астам данасы сатылған.

Жаңа электромобиль түпнұсқа модельдің ерекшеліктерін сақтайды. Атап айтқанда, V пішінді капот, тік орналасқан алдыңғы әйнек және дөңгелек фаралар жаңа көліктің сыртқы келбетінде де көрініс тапқан.

Өндіруші автомобильдің қарапайымдылығы мен қолжетімділігіне басымдық беріп отыр. Алдын ала мәлімет бойынша, оның бағасы шамамен 15 мың еуро болады.

Citroën компаниясының бас директоры Ксавье Шардон жаңа модельді таныстыру барысында тарихи көліктің ерекшелігіне тоқталды.

– 2CV өзінің техникалық жабдықталуының арқасында емес, адамдарға берген мүмкіндіктерінің арқасында аңызға айналды. Бүгінде сол рух қайта оралып отыр, – деді Ксавье Шардон.

Stellantis концерні автомобильдің бағасын қолжетімді деңгейде сақтау үшін салмағы бір тоннадан аспайтын шағын электромобиль жасауды жоспарлап отыр.

Көлік күнделікті қала ішіндегі сапарларға арналған шағын аккумулятормен жабдықталады.

Әзірге жаңа Citroën 2CV концепт-кар ретінде ұсынылып отыр. Оның сериялық өндірісі 2028 жылдың соңына қарай, алғашқы модельдің 80 жылдығына орай басталуы мүмкін.

Сондай-ақ автомобильдің жүк тасымалдауға арналған фургон нұсқасын шығару мүмкіндігі қарастырылып жатыр.

Францияда электромобильдерге сұраныс мемлекеттік қолдау шараларының арқасында артып келеді. Қыркүйек айында елде тіркелген жаңа автомобильдердің 42 пайызын электр қуатымен жүретін көліктер құраған. Бұл – рекордтық көрсеткіш.

Әсіресе шағын электромобильдер мен мемлекеттік әлеуметтік лизинг бағдарламасы арқылы сатып алынатын көліктерге сұраныс жоғары. Өткен айда осы санатта шамамен 9 500 автомобиль тіркелген.

Қытайлық автомобиль өндірушілермен бәсеке күшейген тұста еуропалық компаниялар да бағасы қолжетімді электрлі модельдерге басымдық бере бастады.

Мәселен, Париж автосалонында Dacia компаниясының жаңартылған Spring және Volkswagen концернінің ID. Polo модельдері де назарға ұсынылады.

Айта кетейік, бұған дейін Volkswagen 2025 жылдың қорытындысы бойынша Tesla-ны басып озып, Еуропадағы электромобильдер сатылымының көшбасшысы атанған болатын. Компания бір жылда 274 278 электрлі көлік сатып, сатылым көлемін 56 пайызға арттырды.