Анкарада қазақ композиторы М.Төлебаев жылы ашылды

Парламенттік делегация мүшелері Анкара қаласында белгілі қазақ композиторы Мұқан Төлебаев жылының ашылу салтанатына қатысты. Оны ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы ұйымдастырған болатын. Бұл туралы Сенаттың баспасөз қызметінен хабарланды.
Шараға Парламент Сенаты Әлеуметтік-смәдени даму комитетінің төрағасы А.Бижанов, Түркияның Мәдениет және туризм министрінің бірінші орынбасары Ө.Өзаслан, Қазақстан-Түркия достығы парламенттік тобының төрағасы және Түркияның биліктегі Әділет және даму партиясының Бас хатшысы Х.Ипек, ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының Бас хатшысы Д.Қасейінов, еліміздің Түркиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ж.Түймебаев қатысып, сөз сөйледі.
Бұдан бөлек, шара аясында қазақстандық делегация Қазақстан-Түркия достығы парламенттік тобының төрағасы, Түркия Республикасының биліктегі Әділет және даму партиясының Бас хатшысы Халык Ипекпен кездесті. Кездесу барысында делегация басшысы А.Бижанов түрік парламентшілеріне Қазақстанның экономикалық табыстары жайында хабардар етіп, әлеуметтік бағдарды ұстанатын экономикалық саясаты туралы әңгімеледі. Сондай-ақ Қазақстан Президентінің «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауының мазмұнымен таныстырды.
Өз кезегінде, Х.Ипек он жылдан астам уақыт бойы билікте тұрған Әділет және даму партиясы үкіметінің экономикалық және әлеуметтік саясаты туралы қазақстандық делегацияны хабардар етті. Түркияның Ұйымдасқан өндіріс аймақтарына ұқсас қазақ-түрік өндірістік аймақтарын еліміздің барлық облыстарында құру үшін мақсатты түрде жұмыстар атқарылып жатқандығын атап айтты.
Кеш соңында Қазақстанның өнер шеберлерінің концерті қойылды. Еліміздің халық әртісі Н.Үсенбаева, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері А.Аюпова, Абай атындағы мемлекеттік опера және балет театрының әншісі Ж.Жұмағазин және Түркия Мәдениет және туризм министрлігінің түркі әлемі музыкалық тобы М.Төлебаевтың туындыларын орындады.
Делегация Қазақстанның Түркиядағы елшілігі екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 20 жыл толуына арналған, қазақ және түрік тілдерінде шығарылған «Қазақстан-Түркия: достық пен ынтымақтастықтың 20 жылы» атты кітабын таныстыру шарасына қатысты.