Анкарада ҚР Президенті Н.Назарбаевтың таңдамалы туындылары көптомдығының тұсаукесері өтті

АСТАНА. 8 қазан. ҚазАқпарат - Түркия астанасы Анкарада Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың «Еуразия жүрегінде», «Қазақстан жолы», «Сындарлы 10 жыл», «Ғасырлар тоғысында», «Тарих толқынында» атты Қазақстан Республикасының Түркиядағы Елшілігі түрік тілінде шығарған таңдамалы туындылары көптомдығының тұсаукесері өтті.
None
None

Бұл туралы ҚР СІМ-нің баспасөз қызметінен мәлім етті.

Тұсаукесер салтанатына Түркия Президенті Әкімшілігінің Басшысы Мұстафа Исен, ТР бұрынғы Мәдениет министрі Намык Кемал Зейбек, «ТҮРКСОЙ» Бас хатшысының орынбасары Фырат Пурташ, Қ.А. Яссауи халықаралық қазақ-түрік университетінің өкілетті қеңесінің төрағасы Осман Хората, Қазақстан Республикасының Коджаели және Невшехир провинцияларының құрметті консулдары Али Кибар мен Халил Улуер, белгілі түрік профессоры, түрколог Абдулқадыр Ювалы, «Түрік ожаклары» қоғамының Бас хатшысы, түрколог, профессор  Орхан Кавунжу, «Билкент» университетінің доценті Хасан Әли Карасар, сондай-ақ түрік ғылыми-академиялық, қоғмадық және бизнес топтарының, сондай-ақ БАҚ өкілдері қатысты.

Кіріспе сөз сөйлеген Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Жансейіт Түймебаев Мемлекет басшысының түрік тіліндегі бестомдығының тұңғыш рет шығарылып отырғанына көңіл аударды. Ол сондай-ақ Қазақстан Президентінің аталған туындыларында Президент Н.Назарбаевтың басшылығымен Қазақстанның мемлекет ретінде қалыптасу және даму тарихына куә болатын бірегей материалдар жинақталғанын атап өтті.

Өз сөзінде Түркия Президенті Әкімшілігінің Басшысы Мұстафа Исен Түркия басшылығы мен халқы ҚР Президенті Н.Назарбаевты құрметтейтінін және жақсы көретінін, бұл орайда Елшілік жарыққа шығарған бестомдықтың түрік қоғамы үшін аса пайдалы болатынын атап өтті. «Бұл өз кезегінде академиялық топтарға Мемлекет басшысының сөздері арқылы бауырлас Қазақстанның қалыптасуының негізгі кезеңдерін зерттеуге мүмкіндік береді. Нұрсұлтан Назарбаев  - Қазақстанның ғана емес, сонымен бірге бүкіл түркі әлемінің лидері болып табылады», - деді ол.

Сөз алған «Түрік ожаклары» қоғамының Бас хатшысы, профессор  Орхан Кавунжу Қазақстан  Президентінің таңдамалы туындылары бестомдығының қазақстан-түрік қатынастарының 20 жыл толуы жылында жарыққа шығуының аса маңызды екендігін атап өтті. «Түркия бауырлас Қазақстанға үлкен маңыз береді, сондықтан Қазақстанның осы кезең ішінде жүріп өткен жолын жан-жақты зерттеу қажет», - деп түйді сөзін қоғамдық қайраткер. Ол сондай-ақ қазақстан-түрік қатынастары 20 жылдық кезең ішінде стратегиялық әріптестік рухында даму үстінде екеніне тоқталды. Түркия Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың түркітілдес бірігу жөніндегі, соның ішінде Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесі (Түркі кеңесі), Түркітілдес мемлекеттердің парламенттік ассамблеясы (ТүрікПА) және т.б. бастамаларын қолдайтынын атап көрсетті.

Өз сөздерінде академиялық қайраткерлер Абдулқадыр Ювалы мен Хасан Әли Карасар екі ел арасындағы саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени ынтымақтастықтың дамуын жоғары бағалады. «Қазақстан  Президенті Н.Назарбаевтың көреген саясатының арқасында Қазақстан тұрақты саясаты мен дамыған экономикасы бар үлгіге айналды» деп атап көрсетті олар. Сондай-ақ Қазақстан мен Түркия ынтымақтастықтың барлық салаларында өзара сенім мен қатынастарды тереңдететін болады, ал ҚР Президентінің түрік тіліндегі кітаптары оларды одан әрі дамытуда бағдар болып қызмет етеді деген сенімдерін білдірді.

Рәсім шеңберінде қатысушыларға ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың кітаптары таратылды, қазақстан-түрік қатынастарының 20 жыл ішіндегі негізгі кезеңдері туралы суреттер көрмесі ұйымдастырылды.

Тұтасымен алғанда түрік жұртшылығы мен ғылыми-академиялық топтары Қазақстан  Президенті Н.Назарбаевтың таңдамалы туындыларының бестомдығын жылы қабылдады.

 

Соңғы жаңалықтар