Анна Данилина АҚШ-тағы турнирдің финалында өнер көрсетеді
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 10-ракеткасы Анна Данилина Кливленд (АҚШ) WTA 250 турнирінің финалына жолдама алды.

Жарыстың 1-ракеткалары Анна Данилина — Александра Крунич жартылай финалда чехиялықтар Анастасия Детюк — Мириам Скочпен шеберлік байқасты.
Қазақстандық-сербиялық жұп бірінші партияда 6:2 есебімен басымдылық танытса, екінші сетте де өз мүмкіндігін жіберген жоқ — 6:4.
Бір сағат 19 минутқа созылған бәсекеде Данилина — Крунич эйс жасамағанымен, 14 брейк-пойнттың бесеуін пайдаланды. Детюк — Скоч 2 брейктен (3 брейк-пойнт) аса алмады.
Анна Данилина — Александра Крунич соңғы бәсекеде тайбэйлік Чань Хаочин — Синью Яньмен чемпиондық атақты сарапқа салады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Анна Данилинаның АҚШ-тағы жарыстың жартылай финалына өткенін жазған едік.