Анна Данилина АҚШ-тағы жарыстың жартылай финалына өтті
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 10-ракеткасы Анна Данилина Кливленд (АҚШ) WTA 250 турнирінің жартылай финалына шықты.

Жарыстың 1-ракеткалары болып тіркелген Анна Данилина – сербиялық Александра Крунич ширек финалда америкалықтар Кармен Корли – Ивана Корлимен кездесті.
Қазақстандық-сербиялық жұп матчты жақсы бастады – 6:4.
Екінші сетте тай-брейкте америкалықтар есе қайырды – 7:6 (7:2). Дегенмен супер тай-брейкте
Анна мен Александра шеберліктерінің басым екендігін танытты – 10:8.
Бір сағат 50 минутқа созылған тартысты бәсекеде қазақстандық-сербиялық дуэт 2 эйспен бірге 6 брейк-пойнттың бесеуін пайдаланды. Америкалықтар 2 эйс, 4 брейкпен (13 брейк-пойнт) ерекшеленді.
Анна Данилина – Александра Крунич финалға шығу үшін чехиялықтар Анастасия Детюк – Мириам Скочпен таласады.
Ерлер арасында АҚШ ашық чемпионатының іріктеу турнирінде барлық үш қазақстандық теннисші жеңіліс тапты.
ATP рейтингісінде 192-орындағы Бейбіт Жұқаев әлемнің 143-ракеткасы, америкалық Захари Свайдаға жол берді – 3:6, 5:7.
Рейтингіде 236-сатыдағы, 37 жастағы Михаил Кукушкин 2 сағат 38 минутқа созылған ойында әлемнің 151-ракеткасы, тағы бір америкалық Билли Харриске есе жіберді – 7:6 (7:5), 3:6, 2:6.
Әлемнің 239-ракеткасы Дмитрий Попко рейтингіде 184-орындағы франциялық Юго Бланшеден ұтылды – 3:6, 4:6.
Сөйтіп олар іріктеу сайысының финалына шыға алмады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын АҚШ ашық чемпионатында қазақстандық теннисшілердің кімдермен ойнайтынын жазған едік.