Анна Данилина әлемдік рейтингіде рекордтық нәтижеге қол жеткізді
АСТАНА. KAZINFORM — Әйелдер теннисі қауымдастығы (WTA) жекелей және жұптық сында жаңартылған рейтингіні жария етті.

Сербиялық Александра Круничпен бірге Ролан Гаррос турнирінің финалына дейін жеткен Қазақстанның жұптық сындағы бірінші ракеткасы Анна Данилина осы табысы арқасында әлемдік рейтингіде 17-ден 9-орынға көтерілді.
Бұл оның рекордтық көрсеткіші болып есептеледі. Осыған дейін Анна 10-сатыдан аспаған еді.
Юлия Путинцева жұптық сында 73-тен 64-ке ауысса, Жібек Құламбаева 115-тен 128-ге құлдырады.
Жекелей сында Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина 11-орында қалса, Ю.Путинцева 31-ден 27-ге жоғарылады.
Зарина Дияс 276-дан 280-ге түссе, Жібек Құламбаева 309-дан 306-ға шықты.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Анна Данилинаның Ролан Гаррос турнирінің финалында есе жібергенін жазған болатынбыз.
Ролан Гаррос тарихында ең ұзаққа созылған матчта Алькарас чемпион атанды.