Анна Данилина Доха турнирінің 1/8 финалына өтті
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 19-ракеткасы Анна Данилина Доха (Қатар) WTA 1000 турнирінің екінші айналымына жолдама алды.

Жарыстың 7-ракеткалары болып тіркелген А.Данилина – ресейлік Ирина Хромачева беташар матчта словакиялық Тереза Михаликова – ұлыбританиялық Оливия Николлстың мысын басты.
Бірінші партияда қазақстандық-ресейлік жұп 7:5 есебімен басым түссе, екінші сетте де сол қарқындарынан таймады – 6:4.
Бір сағат 38 минутқа созылған бәсеке барысында Данилина – Хромачева 2 эйспен бірге 11 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды. Михаликова – Николлс 1 эйс, 1 брейктен (5 брейк-пойнт) аса алмады.
Анна Данилина – Ирина Хромачева ширек финалға шығу үшін жапониялықтар Сюко Аояма – Эри Ходзумимен таласады.
Дохада жекелей сында Елена Рыбакинаның қарсыласы белгілі болды. Қазақстандық теннисші екінші айналымда рейтингіде 47-сатыдағы америкалық Питон Стирнспен кездеседі. Америкалық спортшы бастапқы кездесуінде әлемнің 49-ракеткасы, украиналық Даяна Ястремскаяны жолдан тайдырды – 7:5, 6:3.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Юлия Путинцеваның Дохадағы ірі жарысты жеңіспен бастағанын жазған едік.