Анна Данилина Доха турнирінің ширек финалына шықты

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 10-ракеткасы Анна Данилина Доха (Қатар) WTA 1000 турнирін сәтті бастады.

Данилина
Фото: Kazinform

Сербиялық Александра Круничпен бірге жарыстың 4-ракеткасы болып тіркелген А.Данилина екінші айналымда канадалық Лейла Фернандес – франциялық Кристина Младеновичке тап келді.

Бірінші партияда қазақстандық-сербиялық жұп 6:2 есебімен басым түсті. 

Екіншісінде канадалық-франциялық дуэт есе қайырды – 6:4. Дегенмен супер тай-брейкте Данилина – Крунич жеңісті жұлып алды – 10:4. 

Бір сағат 21 минутқа созылған бәсекеде Данилина – Крунич 2 эйспен бірге 6 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды. Фернандес – Младенович 3 брейкпен ерекшеленді.

Анна Данилина – Александра Крунич жартылай финалға шығу үшін аустралиялықтар Сторм Хантер - Майя Джойнтпен таласады. 

Бұдан бұрын А.Данилина – А.Крунич Аустралия ашық чемпионатының финалына дейін жеткен еді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Дохадағы турнирдің үшінші айналымына жолдама алғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар