Анна Данилина Гонконг турнирінің ширек финалына жолдама алды
Қазақстанның жұптық сындағы – бірінші, әлемнің 32-ракеткасы Анна Данилина Гонконг WTA 250 турнирінің ширек финалына жолдама алды, деп хабарлайды Kazinform.

Жарыстың бірінші ракеткасы болып тіркелген А.Данилина ресейлік Александра Пановамен бірге алғашқы айналымда Гонконг өкілдері Юдис Чонг – Хон-И Коди Вонмен шеберлік байқасты.
Бірінші партияда гонконгтық теннисшілер 6:3 есебімен басым түскенімен, екіншісінде А.Данилина – А.Панова бет қаратқан жоқ – 6:0. Содан кейін супер тай-брейкте жеңісті жұлып алды – 10:7. 1 сағат 15 минутқа созылған бәсеке барысында қазақстандық-ресейлік жұп 1 эйске қоса 11 брейк-пойнттың үшеуін өз есептеріне жазды.
Анна Данилина – Александра Панова жартылай финалға шығу үшін ресейліктер Софья Лансере – Камилла Рахимовамен таласады.
А.Данилина жекелей сында да өнер көрсетіп, бірінші айналымда әлемнің 70-ракеткасы, Польша өкілі Магдалена Фрешке есе жіберді – 2:6, 2:6.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Денис Евсеевтің Қытайдағы турнирдің 1/8 финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Андрей Голубев Словакиядағы жарыстың жартылай финалына өтті.