Анна Данилина Гонконгта негізгі жарысқа жолдама алды

Қазақстандық Анна Данилина Гонконг WTA 250 турнирінің іріктеу сайыстарын сәтті өткізді, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

теннис
Фото: ktf.kz

Қазақстандық теннисшінің жұптық сында әлемдік рейтингте 32-орында тұрғаны белгілі.

Бұл жолы Гонконгта жекелей сында да өнер көрсетуді жөн көрген А.Данилина дүниежүзілік рейтингте 1016-сатыда тұрғанына қарамастан іріктеу сатысында екі кездесуін де жеңіспен аяқтады.

Алдымен ол әлемнің 235-ракеткасы, үндістандық Карман Каур Тхандиді үш сағатқа жуық уақытқа созылған тартысты бәсекеде 7:6 (7:2), 6:7 (4:7), 6:2 есебімен тізе бүктірді.

Іріктеу сайысының финалында Анна әлемнің 367-ракеткасы, ресейлік Дарья Лодикованы 6:4, 6:2 есебімен жеңді.

Осылайша негізгі додаға өткен Анна Данилинаның келесі қарсыласы кейін анықталады.

Тағы бір қазақстандық, рейтингте 68-орындағы Юлия Путинцева алғашқы айналымда әлемнің 37-ракеткасы, ресейлік Анна Блинковамен шеберлік байқасады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстаннан екі бірдей жас теннисшінің ТОП-100 қатарына кіргенін жазған едік.

Соңғы жаңалықтар