Анна Данилина камбэкпен Мадрид турнирінің екінші айналымына шықты
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның жұптық сындағы бірінші ракеткасы Анна Данилина Мадрид (Испания) WTA 1000 турнирінің екінші айналымына жолдама алды.

Жарыстың 6-ракеткалары болып тіркелген А.Данилина – ресейлік Ирина Хромачева бастапқы кездесуін жапониялық Сюко Аояма – испаниялық Кристина Букшамен өткізді.
Бірінші партияда испаниялық-жапониялық дуэт басым түсті – 7:5.
Екіншісінде қазақстандық-ресейлік жұп дәл сондай есеппен есе қайырды – 7:5. Содан кейін супер тай-брейкте жеңісті жұлып алды – 12:10.
Екі сағатқа созылған тартысты бәсекеде А.Данилина – И.Хромачева 7 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды. С.Аояма – К.Букша да 3 брейкпен (10 брейк-пойнт) көзге түсті.
Анна Данилина – Ирина Хромачева ширек финалға шығу үшін чехиялық Линда Носкова – даниялық Клара Таусонмен таласады.
Тағы бір қазақстандық Юлия Путинцева канадалық Лейла Фернандеспен бірге аустралиялықтар Сторм Сандерс – Эллен Перестен жеңіліс тауып, екінші айналымға өте алмады – 7:6 (7:5), 4:6, 9:11.
Сондай-ақ қазақстандық жас теннисшілер Іңкәр Дүйсебай мен Сәтима Төреген жұптық сында Шымкент ITF W15 финалына дейін жетіп, соңғы бәсекеде өзбекстандық Дарья Шубина – ресейлік Валерия Ющенкоға жол берді – 1:6, 2:6.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Мадридте қарсыласын айқын басымдылықпен ұтқанын жазған болатынбыз.