Анна Данилина Қытайдағы жарыстың ширек финалына жолдама алды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 7-ракеткасы Анна Данилина Ухань (Қытай) WTA 1000 турнирінің ширек финалына шықты.

Анна Данилина пробилась в третий круг «Ролан Гаррос»
Фото: ҚТФ

Қазақстандық теннисші қытайлық Чжан Шуаймен бірге жарыстың 2-ракеткасы болып тіркелген еді.

Рейтингіге байланысты доданы екінші айналымнан бастаған қазақстандық-қытайлық жұп украиналықтар Ангелина Калинина — Даяна Ястремскаямен ширек финал жолдамасын сарапқа салуы керек еді. Алайда украиналық дуэт матчқа келмей қалды да, А.Данилина — Ч.Шуай ойнамастан ширек финалға өтті.

Анна Данилина — Чжан Шуай 16 қазанда жартылай финалға шығу үшін Париж Олимпиадасының жұптық сындағы чемпиондары, осы турнирдің 8-ракеткалары, италиялықтар Сара Эррани — Жасмин Паолинимен таласады.

Тағы бір қазақстандық, рейтингіде 79-орындағы Юлия Путинцева жекелей сында екінші айналымда әлемнің 13-ракеткасы, ресейлік Диана Шнайдерге жол берді — 2:6, 2:6.

Бір сағат 21 минутқа созылған бұл бәсекеде Путинцева 7 брейк-пойнттың үшеуін өз есебіне жазды. Шнайдер 12 брейк-пойнттың жетеуін пайдаланды.

Д.Шнайдер үшінші айналымда әлемнің 7-ракеткасы, чехиялық Каролина Муховамен кездеседі.

Уханьда іріктеу сайысын сәтті аяқтап, негізгі жарыста екінші айналымға дейін жеткен Ю.Путинцева қазіргі сәтте WTA Live рейтингісінде 64-орынға көтеріліп тұр.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Юлия Путинцеваның Қытайдағы турнирде үшінші жеңісіне қол жеткізгенін жазған едік. 

Шанхай мастерс турнирінде Александр Бублик әлемнің 2-ракеткасына жол берді. 

Александр Шевченко Қытайдағы турнирде жарыстың фаворитін жеңді.