Анна Данилина Мароккодағы турнирдің финалына жолдама алды
РАБАТ. KAZINFORM – Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 51-ракеткасы Анна Данилина Рабат (Марокко) WTA 250 турнирінің финалына жолдама алды.

Жарыстың 2-ракеткасы болып тіркелген Анна Данилина – қытайлық Сюй Ифань жартылай финалда жапониялықтар Эри Ходзуми – Макото Ниномиямен бетпе-бет келді.
Бір сағат 22 минутқа созылған матчта қазақстандық-қытайлық жұп 6:4, 6:4 есебімен басым түсті.
Олар 1 эйспен бірге 8 брейк-пойнттың бесеуін пайдаланды.
Жапониялықтар 1 эйс, 3 брейкпен (11 брейк-пойнт) шектелді.
Анна Данилина – Сюй Ифань финалда жарыстың 4-ракеткалары, ресейліктер Яна Сизикова – Ирина Хромачёвамен чемпиондық атақты сарапқа салады.
Ресейлік дуэт жартылай финалда доданың 1-ракеткалары, қытайлықтар Ханью Гуо – Синью Яньды жер соқтырды – 1:6, 7:5, 10:6.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Тимофей Скатовтың Германиядағы жарыстың жартылай финалына өткенін жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Александр Бублик Франциядағы турнирдің жартылай финалында ойнайды.