Анна Данилина Монреаль турнирінің ширек финалынан тыс қалды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 10-ракеткасы Анна Данилина Монреаль (Канада) WTA 1000 турнирінің ширек финалына шыға алмады.

Анна Данилина Лондон турнирінің финалында ұтылып қалды
Фото: ҚТФ

Қазақстандық теннисші сербиялық Александра Круничпен бірге екінші айналымда жарыстың 3-ракеткалары, америкалық Тэйлор Таунсенд – қытайлық Чжан Шуайға қарсы келді. 

Бірінші партияда тай-брейкте қазақстандық-сербиялық жұп сәтті ойнады – 7:6 (7:5). 

Екінші сет те тартысты өтіп, бұл жолы дәл сондай есеппен Таунсенд – Шуайдың пайдасына шешілді – 7:6 (7:5). Ақыры олар супер тай-брейкте жеңісті жұлып алды – 10:4. 

Екі сағат 11 минутқа созылған матчта Данилина – Крунич 1 эйспен бірге 9 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды. Таунсенд – Шуай да 4 брейкпен (9 брейк-пойнт) көзге түсті.

Монреальда Қазақстанның жекелей сындағы бірінші ракеткасы Елена Рыбакина жарысты жалғастырады. Сондай-ақ жұптық сында Галина Воскобоева екінші айналымда өнер көрсетеді. 

Тағы бір қазақстандық теннисші Жібек Құламбаева жұптық сында Хехинген (Германия) ITF W75 жарысының жартылай финалына шыға алмады.

Доданың 1-ракеткасы болып тіркелген Ж.Құламбаева словениялық Далила Якуповичпен бірге алдымен германиялық Алена Фомина-Клоц – эстониялық Елена Малыгинаны 6:2, 6:3 есебімен ұтты. Алайда ширек финалда словакиялық Рената Ямрихова – ресейлік Елена Приданкинаға жол берді – 6:4, 4:6, 3:10.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын кортқа қайта оралған 40 жастағы Галина Воскобоеваның бастапқы жеңісіне қол жеткізгенін жазған болатынбыз

Соңғы жаңалықтар