Анна Данилина Монреаль жарысын жеңіспен бастады
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 10-ракеткасы Анна Данилина Монреаль (Канада) WTA 1000 турнирінің екінші айналымына өтті.

Қазақстандық теннисші сербиялық Александра Круничпен бірге алғашқы айналымда чехиялық Линда Носкова – аустралиялық Дарья Касаткинамен шеберлік байқасты.
Бірінші партияда қазақстандық-сербиялық жұп 6:4 есебімен басым түсті. Екінші сетте тіпті бірде-бір гейм берген жоқ – 6:0.
Бір сағаттан сәл астам уақытқа созылған бәсеке барысында Данилина – Крунич 3 эйспен бірге 8 брейк-пойнттың тең жартысын мүлт жіберген жоқ.
Анна Данилина – Александра Круничтің келесі қарсыластары кейін анықталады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Монреаль турнирінің үшінші айналымына жолдама алғанын жазған едік.
17 жастағы қазақстандық теннисші алғаш рет челленджер турнирінің ширек финалына шықты.