Анна Данилина Ноттингем турнирінің ширек финалына жолдама алды
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 9-ракеткасы Анна Данилина Ноттингем (Ұлыбритания) WTA 250 турнирінің ширек финалына шықты.

Жапониялық Эна Сибахарамен жарыстың 4-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші бастапқы кездесуін нидерландылық Изабель Хаверлаг – ұлыбританиялық Майя Ламсденмен өткізді.
Бірінші партияда тай-брейкте нидерландылық-ұлыбританиялық жұптың бағы жанды – 7:6 (7:3). Дегенмен бұдан кейін Данилина – Сибахара камбэк жасай білді – 7:5, 10:8.
Бір сағат 50 минутқа созылған тартысты бәсекеде қазақстандық-жапониялық дуэт 3 эйспен бірге 6 брейк-пойнттың екеуін пайдаға асырды. Хаверлаг – Ламсден 5 эйс, 1 брейкпен (3 брейк-пойнт) ерекшеленді.
Анна Данилина – Эна Сибахара жартылай финалға шығу үшін чехиялық Анастасия Децюк – нидерландылық Бибиана Схофспен таласады.
Тағы бір қазақстандық, әлемнің 27-ракеткасы Юлия Путинцева осы додада жекелей сында екінші айналымда рейтингіде 38-орындағы словакиялық Ребекка Шрамковаға жол беріп, ширек финалдан шет қалды – 1:6, 6:4, 4:6. Бұл матч та тартысты өтіп, 2 сағат 8 минутта бітті.
А.Данилина жұптық сында осының алдында Ролан Гаррос пен Лондон турнирлерінің финалына дейін жеткен еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Берлин турнирінде Рыбакинаның туған күнінде америкалық теннисшіден есе қайырғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Зарина Дияс Испаниядағы турнирдің ширек финалына шықты.