Анна Данилина жұптық сында Рим мастерс турнирінің ширек финалына шықты

АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 26-ракеткасы Анна Данилина Рим WTA 1000 турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Анна Данилина жұптық сында Рим мастерс турнирінің ширек финалына шықты

Қазақстандық теннисші мажарстандық Тимея Бабошпен бірге екінші айналымда әлемнің бұрынғы 1-ракеткасы, Беларусь өкілі Виктория Азаренко – бразилиялық Беатрис Хаддад Майямен кездесуі тиіс еді.

Алайда В.Азаренконың жарақатына байланысты қарсыластары матчқа келмей қалды да, қазақстандық-мажарстандық жұп ойнамастан ширек финалға өтті.

А.Данилина мен Т.Бабош жартылай финалға шығу үшін жарыстың 4-ракеткалары, аустралиялық Сторм Сандерс – бельгиялық Элиза Мертенспен таласады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің Римде әлемнің төртінші ракеткасына жол бергенін жазған болатынбыз.

Елена Рыбакина Рим мастерс турнирінің төртінші айналымына өтті.