Анонимді парақшалар Маңғыстау оқиғасы туралы нені бұрмалап таратып жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет қабылданып жатқан барлық шаралар туралы әлеуметтік желілерде жедел әрі толық ақпарат беріп отырғанына қарамастан, әлеуметтік желілерде Маңғыстаудағы оқиғаға қатысы жоқ бұрын түсірілген бейнематериалдар таратылып, ЖИ көмегімен әзірленген контент жарияланып жатыр. Бұл туралы Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы хабарлады.
Сонымен қатар, әскери қызметшілердің қаза болуы мен олардың жақындарының қайғысын пайдалана отырып, негізсіз болжамдар мен алып-қашпа пікірлер таралып жатыр.
Орталық сондай-ақ үйлестірілген әрекеттердің белгілері байқалатын, оның ішінде анонимді аккаунттар арқылы таралатын хабарламаларды тіркеуді жалғастырып жатыр.
Әсіресе жақында ғана құрылған анонимді парақшалардың белсенділігі байқалады. Олар іс жүзінде бірден қайғылы оқиға тақырыбын таратуға кірісіп, жаңа талқылау тақырыптарын қалыптастырып, қауесеттерді көбейтіп, болжамдарды көпшілікке белгілі «фактілер» ретінде ұсынып жатыр.
Төменде осындай ақпараттық манипуляцияларға тән бірнеше мысал келтіріледі.
Фейк: «Қаза болғандардың нақты саны жасырылып отыр»
Шын мәнінде, іздестіру-құтқару жұмыстары барысында ресми деректер нақтыланып отырды. Қорытынды ақпарат жарияланды: 14 әскери қызметші қаза тапты.
Фейк: «Әскери қызметшілер тікұшақтан десантталды».
Жарияланған тергеу деректеріне сәйкес, әскери қызметшілер катерді пайдалана отырып тапсырма орындаған. Оқу-жаттығуды ұйымдастыру мән-жайлары, қауіпсіздік талаптарының сақталуы және жауапты тұлғалардың әрекеттері тергеу барысында анықталып жатыр.
Фейк: «Командир мас күйінде болған»
Бұл мәлімдеме әсіресе цинизм мен адамгершілікке жат сипатымен ерекшеленеді. Сөз болып отырған командир өз әскери қызметшілерімен бірге қаза тапты. Оның алкогольдік масаң күйде болғанын растайтын қандай да бір дерек жоқ.
Фейк: ескі видео қаза тапқан әскери қызметшінің мүрдесін тасымалдау ретінде таратылып жатыр.
Бейнематериалды талдау барысында автомобиль бейнеленген роликтің қайғылы оқиғаға дейін, тамыз айында жарияланғаны анықталды. Бұрын түсірілген бейнежазбаға қоғамдық наразылық тудыру мақсатында жаңа эмоционалдық контекст берілген.
Фейк: Каспий теңізінің жағалауында қаралы күндері түсірілген әсерлі қойылым сипатындағы видео.
Ашулы жазбалармен бірге тараған бұл роликті көптеген қолданушы Маңғыстауда түсірілген бейне деп қабылдаған. Шын мәнінде, видео Танжер қаласында (Марокко) түсірілген. Автордың айтуынша, бейнематериал кездейсоқ Қазақстанның әлеуметтік желілер сегментіне тарап кеткен. Оның өзі Қазақстандағы оқиғалардан хабардар болмаған.
Фейк: Мемлекет «ешқандай тергеу жүргізіп жатқан жоқ».
Бұл да фактілерге сәйкес келмейді. Іздестіру-құтқару операциясы қаза болған соңғы әскери қызметшінің денесі табылғанға дейін жалғасты. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкіметтік комиссия дереу құрылды. Қызметке салғырт қарау және кеме жүргізу қағидаларын бұзу фактілері бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Президенттің өкімімен Қорғаныс министрлігіндегі жағдайды кешенді тексеру жөніндегі жеке комиссия құрылды. Комиссия жеті күн мерзімде жұмысты ұйымдастыруға, әскери бөлімдердің қаржылық және материалдық-техникалық қамтамасыз етілуіне баға беруі тиіс.
Бұл фейктердің барлығына ортақ бір нәрсе бар: мұндай талқылаулар көптеген қолданушыны өз ақпараттық ағынына тартады.
ҚР ҚК 274-бабында көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауаптылық көзделген. Мұндай ақпарат онлайн-платформаларды пайдалана отырып таратылған жағдайда, жаза үш жылға дейін бас бостандығынан айыруды, ал ауыр зардапқа әкеп соққан жағдайда бес жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздеуі мүмкін.
Еске салайық, Каспийдегі қайғылы оқиға 24 қыркүйекте оқу-жауынгерлік тапсырманы орындау кезінде болды. Ауа райының күрт нашарлап, желдің күшеюі салдарынан әскери қызметшілерді теңіз ағызып әкетті.
Бұған дейін Мемлекет басшысы Қорғаныс министрлігіндегі ахуалды кешенді тексеру жөніндегі комиссия құруды тапсырған болатын. Комиссияға атқарылған жұмыстың алғашқы нәтижелері туралы Президентке жеті күн ішінде баяндау тапсырылды.
Бүгін Президент Дәурен Қосановты Қазақстанның Қорғаныс министрі қызметінен босатып, бұл лауазымға Айдос Мырзахметовті тағайындады.