«Аңсаған сәби»: Ақтөбеде 26 егіз бен бір үшем өмірге келді
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Бағдарлама аясында 4 жылда 1527 жұпқа квота беріліп, 448 бала өмірге келді.
Ақтөбеде «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында квота бөлу жұмысы жалғасып жатыр. 2021 жылдан бері 1527 жұпқа мемлекеттік квота бөлінді. Оның ішінде 269-ы биыл берілді.
— Бағдарама аясында пациенттер еліміздегі 19 орталықта экстрокорпоральді ұрықтандыру жүргізді. Оның ішінде отбасылық жұптың 37% Ақтөбедегі перинаталдық орталықты таңдады. Бүгінде 448 сәби өмірге келді. Олардың арасында 26 егіз, бір үшем бар. Сонымен бірге қазір 71 әйел жүкті. Келер жылға 311 квота бөлініп отыр, — деді Ақтөбе облысының денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Аманжолова.
Ақтөбедегі экстрокорпоральді ұрықтандыру орталығы 2017 жылдан бері жұмыс істеп тұр. Орталықта өмірге келген сәбилердің алғашқы легі былтыр мектеп табандырығын аттады.
— Бұрын сәби сүйгісі келетін жұптар үшін тек 45-50 квота берілді. Ол кезде ерлі-зайыптылар үш жыл бойы күтетін еді. Қазір бірнеше жүз квота бөлініп тұр. Күту кезегі де азайды. Ол үшін алдымен учаскелік дәрігерге қаралып, дайындық жүргізеді. Бұл кезде жұптардың жас ерекшілігі маңызды. Орташа жасы 33-34 болса, 35-40 пайызы бала сүю бақытына кенеледі. Ал орташа жасы 35-36 болса, 33 пайыздан төмен болады. Қазіргі кезде 1400 әйел дисперсерлік есепте тұр, — деді Ақтөбе облысының бас репродуктолог дәрігері Светлана Есенаманова.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, 2021 жылдан бері «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында 30 мыңнан астам әйелге ЭКО жасалып, көптен күткен 10 мың сәби дүниеге келді.