«Аңсаған сәби»: Атырауда өмірге келген сәбидің салмағы – 503 грамм

Атырауда бес ай бұрын «Аңсаған сәби» бағдарламасымен өмірге келген сәби әлі ауруханада жатыр. Жақында перинаталдық орталықтан облыстық балалар ауруханасына ауыстырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі

сәби
Фото: ҚазАқпарат

Ең жеңіл салмақтағы сәби отбасының тұңғышы екен. Өмірге келген кездегі салмағы – 503 грамм, ал, бойы 28 сантиметр болған.
«Мұндай жеңіл салмақтағы сәби шала туғандар санатына жатады. Облыстық перинаталдық орталықтың дәрігерлері бес айдан бері сәбиге қарқынды ем-дом жүргізді. Осы кезге дейін оның салмағы 2 келі 500 грамға жетті. Жақында одан әрі ем-дом шараларын жалғастыру үшін Атырау облыстық балалар ауруханасына ауыстырылды. Өйткені, оның өкпесі кішкентай болғандықтан, әлі де СРАР түтікшесіз аппаратымен оттегі беру қажет», - деп хабарлады перинаталдық орталықтың баспасөз қызметі.

Бұл сәбидің ата-анасы ЭКҰ әдісіне бес рет жүгінген. Ал, биыл «Аңсаған сәби» бағдарламасымен тағы да сәби сүюге бекінген.

«Отбасымыздың басты арманы – сәби сүю. Биыл жүктілік сәтті өтіп жатқан еді. Алайда, денсаулығыма байланысты жүктіліктің 22-аптасында егіз сәбиді босануға тура келді. Егіздің сыңары төрт сағаттан соң шетінеді. Енді осы қызымның амандығын тілеп отырмын», - дейді сәбидің анасы Анаргүл.

Еске сала кетелік, Атырауда былтыр «Аңсаған сәби» бағдарламасымен ЭКҰ-ға 233 квота бөлінгенін жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар